Ұзындығы шамамен бес метр, салмағы 725 келі Contender деп аталып кеткен алып жыртқыш акула АҚШ-тың Солтүстік Каролина жағалауында туристердің зәресін ұшырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

The US Sun басылымының мәліметінше, бұл акула бірнеше ай бойы Солтүстік Каролина жағалауымен жүзіп жүр. Ғалымдар оның қозғалысын арнайы трекер арқылы қадағалап отыр, ол жыртқыштың жүзбе қанаты су бетіне шыққанда сигнал береді.

Бірнеше аптаға жоғалып кеткеннен акула қайтадан пайда болды. Бұл жолы – Солтүстік Каролинаның танымал туристік орны Памлико шығанағына жақын маңда бой көрсетті.

"Жылдың осы мезгілінде ақ акулалар көктемнің соңында және жаздың басында көшуге кіріседі. Олар қыста оңтүстікте болғаннан кейін, АҚШ-тың солтүстік-шығысы мен Атлантикалық Канададағы жаз-күзгі қоректену аймақтарына қарай бет алады", – деді OCEARCH ұйымының бас ғылыми қызметкері әрі ветеринары доктор Харли Ньютон.

Contender-ден соңғы сигнал 21 мамырда тіркелген. Ол кезде акула Солтүстік Каролина жағалауынан әлдеқайда оңтүстікте болған.

Алайда, сарапшылардың айтуынша, туристерге әзірге үрейленудің қажеті жоқ.