Елімізге Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо ресми сапармен келді. Оны Ақордада Мемлекет басшысы салтанатты рәсіммен қарсы алды. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Роберт Фицо бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Қазақстан мен Словакияның мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Словакия Үкіметі басшысының ресми сапары аясында қос тарап шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Көпқырлы ықпалдастық
Президент шағын құрамдағы келіссөз барысында Премьер-министрдің елімізге жасаған сапары қазақ-словак серіктестігін нығайтып, екіжақты қатынастардың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.
– Қазақстан мен Словакияны тығыз ықпалдастық байланыстырады. Біз ірі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Дегенмен тиісті деңгейде зерделеп және болашақта қолға алатын жаңа бағыттар бар деп ойлаймын. Сондықтан Сіздің бұл сапарыңызға ерекше мән береміз, сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді деген сенімдеміз. Сіздің еліңізбен қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз және Словакияны Қазақстанның Еуропа одағындағы негізгі серіктестерінің бірі санаймыз. Сол себепті мен Президент ретінде мемлекеттеріміз арасындағы ықпалдастықты түрлі салада кеңейту үшін бар күш-жігерімді саламын, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Словакия Премьер-министрі қос елдің қарым-қатынасына тың серпін беруге және Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты өрістетуге дайын екенін жеткізді.
– Жоғары Мәртебелі Президент мырза, қонақжайлық танытқаныңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Елдеріміздің саяси ұстанымында алшақтық жоқ екенін растаймын. Сондықтан өзара тиімді экономикалық байланыс пен достыққа баса мән беруіміз керек. Бүгін біз қос тарапқа да қызықты әрі маңызды бірнеше жобаны талқылаймыз. Бұл сапарымның қорытындысы табысты болатынына сенімдімін, – деді Роберт Фицо.
Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Роберт Фицо келіссөзді екі ел делегацияларының қатысуымен, яғни кеңейтілген құрамда жалғастырды.
Мемлекет басшысы Словакияны Қазақстанның Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атады.
– Словакия – Еуропа одағына мүше мемлекеттердің ішінде айтарлықтай белсенді әрі қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі. Бұл жетістік Сіздің Үкімет басшысы ретіндегі көреген көшбасшылығыңызды көрсетеді. Словакияның аймақтық және халықаралық істерге қатысты айқын ұстанымы Сіздің сындарлы жаһандық дамуға бейіл екеніңізді дәлелдейді. Мен саяси диалогтің беки түскенін, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың дамуын, сондай-ақ көпжақты форматтағы ықпалдастықтың тиімді іске асырылуын жоғары бағалаймын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Астана мен Братислава арасындағы ынтымақтастық берік құқықтық базаға арқа сүйейді. Ол барлық бағытты қамтиды. Қазақстан Словакиямен күн тәртібіндегі екіжақты және көпжақты серіктестікті тереңдетуге ниетті.
Мемлекет басшысы экономикалық әріптестікке баса назар аудару қажет деп санайды. Былтыр тауар айналымы 140 млн долларды құраған. Қазақстанда Словакияның 30-дан аса компаниясы жұмыс істейді және 22 бірлескен кәсіпорны түрлі секторда қызмет етіп жатыр.
Қазақстан Президенті ынтымақтастықты одан әрі әртараптандырудың маңызына тоқталды. Мемлекет басшысы энергетика, өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, логистика, цифрландыру, аса маңызды шикізат материалдары, білім және туризм салаларында мол мүмкіндік бар деп санайды.
Словакия Премьер-министрі Мемлекет басшысына өзіне және делегациясына қазақ жерінде көрсетілген құрмет үшін алғыс айтты.
– 1944–1945 жылдары Словакияны азат етуге қосқан өлшеусіз үлестеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Кеңес әскері сапында Қазақстанның миллионға жуық сарбазы қан майданда шайқасты. Олардың ішінде 60 мыңға тарта жауынгер Словакияны жаудан қорғау үшін жанын пида етті. Сол сұрапыл уақытта Словакияға жасаған жақсылықтарыңызды ешқашан ұмытпаймыз. Жоғары Мәртебелі, Сіздің еліңізді дамытуға және Әділетті әрі Өркендеген Қазақстанды құруға бағытталған өршіл бастамаларыңызды асқан қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еуропа одағындағы әріптестеріме тек Ұйым шеңберіндегі жұмыспен шектелмей, әлемге кеңінен қарап, өзге де мемлекеттердің жетістіктерін зерделеу керек екенін үнемі айтып келемін. Біз дүние жүзіндегі серіктестерімізбен белсенді ықпалдастық орнатып, ынтымақтастықты нығайта беруіміз қажет, – деді Роберт Фицо.
Келіссөз барысында тараптар қазақ-словак байланысын дамытуға ықпал ететін серіктестікті одан әрі нығайтуға, жаңа бастамаларды іске асыруға бейіл екенін растады.
Өзара тиімді қарым-қатынас
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо БАҚ өкілдері алдында сөз сөйледі.
Президент ең алдымен, Словакия Республикасының Премьер-министрі Роберт Фицоға және барша делегация мүшелеріне ілтипат білдірді.
– Словакия – Қазақстанның Еуропа одағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Екіжақты қарым-қатынасымыздың тарихы маңызды оқиғаларға толы. Қазіргі таңда да екі елдің өзара байланыстары достық және сыйластық рухында нығаюда. Астана мен Братислава арасында мазмұнды саяси диалог орнаған. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы байланысымыз жылдан-жылға дамып келе жатыр. Шарттық-құқықтық негізі қалыптасты. Екі елдің алыс-берісі де ұлғаюда. Қазақстанда 30-дан аса словак компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Елімізге Словакияның ірі кәсіпкерлері де келді. Соған байланысты Роберт Фицо мырзаға алғысымды айтамын. Бүгін бизнес форум өтеді. Бұл жиын өзара ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға жол ашады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Роберт Фицомен жүргізген мазмұнды келіссөз барысында қазақ-словак ынтымақтастығының аясын кеңейту мәселесі талқыланғанын және нақты уағдаластықтарға қол жеткізілгенін атап өтті.
– Екі ел арасында ешқандай түсініспеушілік жоқ, кең ауқымды ынтымақтастыққа – жол ашық. Себебі Қазақстан мен Словакияның сан қырлы байланысын күшейту қос халықтың мүддесіне сай келеді. Словакия – экономика тұрғысынан алып қарасақ, қарқынды дамып келе жатқан ел. Сондықтан Қазақстан Словакиямен қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға баса мән бермек. Біз сауда-саттық көлемін одан әрі арттыру мәселесіне тоқталдық. Инвестициялық ықпалдастықты тереңдетуге назар аудардық. Бұл тұрғыдан алғанда Үкіметаралық комиссия маңызды рөл атқарып келеді. Мен Комиссияның тең төрағаларының деңгейін министр дәрежесіне көтеруді ұсындым. Қазақстан Словакияға мұнай-газ, уран, азық-түлік өнімдерін және басқа да тауарларын экспорттауға дайын. Сондай-ақ энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Әскери-техникалық байланыстың әлеуеті зор. Бұған қоса біз келіссөздер барысында Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін бірге пайдалану жайын талқыладық. Бұл – стратегиялық маңызы бар сауда жолының бірі. Мен словакиялық серіктестерімізді осы дәлізді дамыту жобасына қатысуға шақырдым. Бұл саладағы ықпалдастық өзара сауда-саттыққа тың серпін беруге тиіс, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз Словакияның су ресурстарын басқару ісіндегі озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын.
– Біз мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудың маңызды екеніне тоқталдық. Словакияда еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайына және құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудардық. Сондай-ақ білім саласындағы байланыстарды тереңдету жайын талқыладық. Жастарымыз екі елдің жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Олар біздің халықтарымызды одан әрі жақындастыра түседі деп ойлаймын. Біздің қарым-қатынасымыздың тарихы терең. Қазақ жауынгерлері Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Словакияны азат етуге белсене атсалысты. Осыған орай, Роберт Фицо мырза Отан қорғаушылар монументіне барып, батырлардың рухына тағзым етті. Осылайша, адамзат үшін қиын кезеңде бастау алған қазақ-словак достығы бүгінге дейін жалғасып, нығайып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бүгінгі келіссөзде халықаралық және аймақтық мәселелерге де назар аударылғанын жеткізді.
– Әлемдегі геосаяси ахуал, жаһандық текетірестер мен сауда соғысы бәрімізді алаңдатып отыр. Екі тарап та бұл түйткілдер бейбіт жолмен шешілуі керек деп санайды. Елдеріміздің халықаралық ұйымдар аясындағы байланысы нығайып келеді. Атап айтқанда, достығымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты құрылымдар аясында дамып жатыр. Көптеген жаһандық үрдістер мен сын-қатерлерге қатысты ұстанымдарымыз ұқсас. Біз көпжақты дипломатиялық байланыстарды тереңдетуге ерекше мән береміз. Бүгінгі келіссөз қарым-қатынасымыздың өзара тиімді сипатын тағы да нақтылай түсті. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-словак ықпалдастығы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Словакия Премьер-министрі сапар барысында екіжақты қатынастардың барлық саласы талқыланғанын айтып, келіссөздер қорытындысын жоғары бағалады.
– Біз алға қарай үлкен қадам бастық. Бүгінгі уағдаластықтар қол қойылған тиісті келісімшарттар мен өзара тиімді ынтымақтастықта айқын көрініс табады деп ойлаймын, – деді Роберт Фицо.