Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына байланысты амнистия туралы» заңды палата отырысында қабылдады. Енді құжат Сенаттың қарауына жіберілді.

Депутат Абзал Құспанның айтуынша, бұл заңның мақсаты – қылмыстық саясатты ізгілендіру.

Заң жобасына сәйкес, азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндірмейтін қылмыс үшін сотталғандар амнистияға ілігеді.

Атап айтқанда:

  • қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасағандар;
  • орташа ауырлықтағы қылмыстар жасаған, бірақ зиян келтірмеген немесе келтірілген залалды толық өтегендер;
  • әлеуметтік жағынан осал топқа жататын және орташа ауыр қылмыс жасағандар (зиян келтіруі мен азаматтық талаптың бар-жоғына қарамастан).

Ал аса қауіпті қылмыс жасағандарға бұл амнистия қолданылмайды.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ел бойынша 63 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде және 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан астам адам қамалған. Олардың ішінде 33 мыңы – сотталғандар, 7 мыңы – тергеуде отырғандар. Бұдан бөлек, 27 мыңнан астам адам пробация қызметінің есебінде тұр.

Алдын ала есеп бойынша, амнистия аясында 6 мың сотталған және пробация есебінде тұрған 9 мың адам қамтылады. Барлығы 15 мың адам. Оның ішінде ҚАЖ мекемелерінен шамамен 632 адам, ал пробация есебіндегі 3,5 мың адам босатылады – жалпы 4,1 мың адам бостандыққа шығады. Сондай-ақ түрмеде отырған 5,4 мың адамға және пробацияда тұрған 5,5 мың адамға жаза мерзімін қысқарту түріндегі шара қолданылады. Яғни барлығы 11 мың адамның жазасы қысқарады, – деп түсіндірді депутат.

Ішкі істер вице-министрі Абай Қайырбековтың айтуынша, кәмелетке толмағандарға арналған тәрбиелеу колонияларында қазіргі кезде 75 бала жазасын өтеп жатыр.