Облыс прокуратурасының үйлестіруімен Жамбыл облысы ПД-ның "Cyberpol" ведомствоаралық тобының нәтижелі жұмысының арқасында 2021 жылдан 2025 жылға дейін 300-ден астам интернет-алаяқтық фактілерін жасаған 12 тұлға ұсталды, деп хабарлайды Жамбыл облысының прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Мысалы, Жамбыл облысының тумасы 6 сыбайласымен бірге интернет арқылы несие рәсімдеу жолымен 147 азаматтың жалпы сомасы 101 млн теңге қаражатын иемденген.

Бұл қылмыстық топ үш жыл бойы Тараз қаласындағы жалға алынған кеңседе екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие рәсімдеумен айналысқан.

Аталған фактімен 10.01.2025 жылы ҚР ҚК-тің 190-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

30.05.2025 жылы қылмыстық іс сотқа жолданды.

Тағы бір мысал — Байзақ ауданында 2025 жылдың қаңтар айынан бастап наурыз айына дейін ерлі-зайыпты жұп "WhatsApp" чаты арқылы нарықтағы бағадан төмен бағада ыдыс-аяқ сатамыз деп жарнама жасап, алаяқтық және сенімді теріс пайдалану мақсатында 200 жәбірленушінің 120 млн теңгеден астам ақшасын иемденген.

04.04.2025 жылы аталған факті бойынша Байзақ аудандық ПБ-мен ҚР ҚК-тің 190-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Күдікті тұлғалар ұсталды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс облыстық полиция департаментімен тергелуде және ол прокуратураның бақылауында.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Прокуратура азаматтарды сақ болуға және банктердің немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде өзін таныстыратын күдікті тұлғаларға сенбеуге, сондай-ақ күмәнді жарнамалар мен инвестициялық жобалардан сақтануға шақырады.