2025 жылғы 10 маусымда өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жылдың соңына дейін кәсіпорындардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеруді тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Үкімет басшысы адам өмірі мен денсаулығы – бұл бұлжымас құндылық екенін атап өтіп, еңбек қауіпсіздігі жүйесі жұмыс орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдеріне негізделуі керектігін айтты.
"Көбіне ескі жабдықтар, жаңғыртудың кешеуілдеуі, жаңа технологиялардың болмауы өндірістегі жарақаттану көрсеткішінің өсуіне әсер етеді. Мемлекет басшысы еңбек қауіпсіздігі мәселелерін шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Ерте ескерту және қауіп туралы хабарлау жүйелері апат туындау қаупі болған жағдайда жедел әрекет етуге көмектеседі. Алайда ең маңыздысы – бұл адам факторы. Ешбір датчик еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшылардың құқықтарының сақталуын қатаң бақылаудың орнын алмастыра алмайды", – деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл бақылау жеткіліксіз деңгейде.
"Жарақаттану мен қайғылы оқиғаларды азайту үшін жұмыс берушілер еңбек қауіпсіздігін, автоматтандыру мен цифрландыруды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл өндірістегі жарақаттар мен адам өлімінің алдын алуға мүмкіндік береді. Қолданыстағы тәсілдер әзірге жоғары тиімділікті көрсетпей отыр. Ең қарапайым қауіпсіздік техникасының ескерілмеу фактілері бар. Еңбек қауіпсіздігін ұйымдастыруда бірыңғай тәсіл жоқ, ақпараттық жүйелер бытыраңқы күйде. Бұл – тек Еңбек министрлігінің емес, барлық мемлекеттік органдардың, әкімдіктер мен кәсіпорындардың ортақ жұмысы болуы тиіс", – деп толықтырды ол.
Оның пікірінше, еңбек заңнамасын бұзу деректерін мониторингтеу, соның ішінде кәсіпорындардың Цифрлық картасын пайдалану арқылы күшейту қажет.
"Президент әлеуметтік-еңбек саласын цифрландырудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты, елдегі қауіпті өндіріс орындарында жарақаттануды анықтау және есепке алу бойынша ақпараттық жүйелерді интеграциялауды 2025 жылғы 1 қарашаға дейін аяқтауды тапсырамын. Цифрлық даму министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 желтоқсанына дейін еңбек қауіпсіздігі саласында бірыңғай цифрлық экожүйе құруды қамтамасыз ету қажет. Бұл мәселеде жұмыс берушілердің рөлі мен қатысуы өте маңызды. Жұмыс берушілердің қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасасуын қамтамасыз ету қажет", – деді Үкімет басшысы.
Ол кәсіпорындарда нөлдік жарақаттану қағидатын, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес келетін кәсіби тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін енгізу қажеттігін атап өтті.
"Еңбек жағдайының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейту мақсатында Еңбек министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жұмыс берушілердің өндірістегі жарақаттануды жасыруына жол бермеу бойынша заңнамалық түзетулерді осы жылдың 1 қарашасына дейін әзірлеуді тапсырамын. Өнеркәсіп министрлігіне жұмыс берушілермен бірлесіп, өнеркәсіп және құрылыс салаларындағы кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы жабдықтарды орнатуды осы жылдың соңына дейін қамтамасыз етуді тапсырамын. Төтенше жағдайлар министрлігіне кәсіпорындардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеруді жылдың соңына дейін жүргізуді тапсырамын", – деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу жеңілдегенін жазған болатынбыз.