Жетісу облысында полиция департаментінің жедел қызметкерлері экономикалық тергеу департаменті және кеден қызметімен бірлесіп, стратегиялық маңызды шикізат – қорғасынның ірі партиясын заңсыз әкетуге жол бермеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР ІІМ мәліметіне сүйенсек, елден қорғасын шығарылмақ болған.
"60 тоннадан астам қорғасын тиелген екі жүк көлігі тоқтатылды, оның нарықтық құны 60 миллион теңгеден асады. Жүк заңсыз экспортқа жіберілмек болған",- делінген ақпаратта.
Қылмыстық схеманы ұйымдастырған барлық тұлғаны анықтап, ұстау бойынша жедел іс-шаралар жүргізілуде.
Белгілі болғандай, бұған дейін осындай фактілер еліміздің басқа өңірлерінде де анықталған болатын. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында “жоғары легирленген болат” түрінде қара металл сынықтарын шетелге шығарып жіберуге тырысқан ЖШС-нің заңсыз әрекеті тоқтатылды. Шамамен 1 мың тонна металл сынығы, соның ішінде көршілес мемлекетке жөнелтуге дайын 7 вагон табылды. Маңғыстау облысында Каспий маңы елдерінің біріне металл сынығын теңіз арқылы жөнелту арнасы анықталды. ЖШС аумағынан 400 тоннадан астам қара металл сынығы табылып, оның ішінде екі контейнер экспортқа дайындалып қойылған.
Аталған барлық фактілер бойынша кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды. ІІМ стратегиялық маңызды ресурстардың шетелге кетуін болдырмау, елдің экономикалық әлеуетін сақтау және ұлттық мүддеге зиян келтіруге жол бермеу мақсатында осындай шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
Бұған дейін 25 наурыздан бері 12 млн телефон тіркеуден өткізілгендігі хабарланған болатын.