2025 жылдың 2 маусымында Астанада автобустың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасында ауыр жарақат алған 8 жасар қыз есін жиды. Бұл туралы Zakon.kz елордалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім етті.

2025 жылдың 4 маусымындағы жағдай бойынша қыз әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Бірақ ол есін жиды. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

"Бүгін жағдайы жақсарса, мамандандырылған бөлімшеге ауыстырылуы мүмкін. Анасы жақын жерде болады. Қызбен және оның анасымен жұмыс істеуге психологтарды да тартып жатырмыз", – деп түсіндірді дәрігерлер.

Сонымен қатар, мамандар басқа да науқастар туралы айтты. Мәселен, жансақтау бөлімінде жатқан әйел қазірдің өзінде бөлімшеге ауыстырылған. Оның жағдайы мен өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

"Үшінші науқастың да ем-домы жалғасуда. Жағдайы тұрақты, нашарлаған жоқ", – деп қорытындылады басқармада.

Астанада 2025 жылғы 2 маусымда кешкі уақытта ауыр жол-көлік оқиғасы болды. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші жолаушылармен бірге бағыт бойынша келе жатып, маневр жасау кезінде тізгінге ие бола алмай, ақпараттық тақтаның тірегіне соғылған. Оқиға салдарынан 10 адам зардап шекті, полиция қылмыстық іс қозғады. 3 маусымда бір науқастың аяғы кесілгені белгілі болды.

Кейін елорда әкімдігі мәлімдеме жасады.