Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин "Орталық Азия – Қытай: аймақтық әріптестіктің жаңа көкжиектері" атты талдау орталықтарының V форумының ашылуына қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты Қытайдың қоғамдық ғылымдар академиясына қарасты Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтымен бірлесіп ұйымдастырды.
Форумға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдерінен келген жетекші талдау орталықтарының, мемлекеттік құрылымдардың, ғылыми мекемелердің және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Алқалы жиында сөз сөйлеген Ерлан Қарин көпжақты диалогты нығайтудың маңызына тоқталып, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы байланыс қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Мемлекеттік кеңесші таяу арада Астанада өтетін "Қытай – Орталық Азия" саммитінің екінші отырысы осының бір дәлелі екенін атап өтті. Ерлан Қарин: Президент Тоқаев ұлттық стратегияның жаңа басымдықтарын айқындап берді
Ерлан Қарин Қазақстан мен Қытай арасындағы ықпалдастықтың күшейе түскеніне назар аударды. Сондай-ақ ол елімізде жүзеге асырылған реформаларға және даму жолындағы басым бағыттарға тоқталды.
Мемлекеттік кеңесші форум қатысушыларына Мемлекет басшысы айқындаған Қазақстан дамуының алдағы мақсаттары туралы да айтып берді:
"Қазақстан өз алдына жаңа ұзақ мерзімді мақсаттар қойып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында елдің ұлттық даму стратегиясының бес жаңа басымдығын айқындады", – деді ол.
Сондай-ақ, ол Қазақстанның ұлттық даму стратегиясындағы жаңа басымдықтарды атап өтті:
1. Цифрландыру және жасанды интеллект;
2. Энергетика;
3. Көлік және транзит;
4. Агроөнеркәсіптік сектор;
5. Адами капитал.
Сонымен қатар Ерлан Қарин қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін Президент нақты шаралар мен даму индикаторларын белгілегенін атап өтті:
- Цифрландыру саласында – мәліметтерді сақтау мен өңдеудің қуатты архитектурасын құру, технологиялық өнімдерді жаппай экспорттауды бастау көзделген.
- Энергетикада – Қазақстан өзін толықтай электр энергиясымен қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақта энергетикалық нарықтағы ірі экспорттаушыға айналуға тиіс.
- Көлік және транзит саласында – елімізді Еуразиялық көлік-логистикалық хабқа айналдыру стратегиялық міндет ретінде қойылып отыр.
- Ауыл шаруашылығында – алдағы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін екі есе арттыру, еңбек өнімділігін үш есе көбейту және он жыл ішінде астықты терең өңдейтін өнімдердің әлемдік өндірушілері мен жеткізушілерінің ондығына ену көзделген.
- Адами капитал – Президент ұлттық стратегиядағы негізгі бағыт ретінде адами капиталды дамытуды айқындады. Сондықтан Қазақстан білім мен ғылымға, медицинаға, спортқа, креативті индустрияға ауқымды инвестициялар салуды жалғастырады.
Сөз соңында Мемлекеттік кеңесші Президент реформаларының басты мақсаты – мемлекеттілікті нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру екенін тағы бір еске салды:
"Қазіргі саяси бағыттағы барлық реформалар мен өзгерістер “Әділетті Қазақстанды” қалыптастыруға бағытталған. Бұл – реформалар реформалар үшін емес, мемлекеттілігімізді нығайту мен барлық азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін жүргізіліп жатқанын білдіреді", — деді ол.