Ерлік көрсеткен жігіттердің біреуі – даяшы, екіншісі қалаға іс-сапармен келген қонақ.

Қала әкімі Әбілқайыр Байпақов Каспий теңізіне батып бара жатқан жасөспірімді құтқарған Рамазан Зұлқашев пен Абзал Жалғасбаевты арнайы қабылдап, сыйлық табыстады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Сіздердің ата-анаңыздың сізге берген тәрбиесінің дұрыстығы. Ниетіңіздің дұрыстығы – көмек қолын созғаныңыз. Батылдығыңыз бен ерліктеріңіз үшін рақмет, – деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.

Абзал Жалғасбаев жағалаудағы мейрамханалардың бірінде даяшы болып қызмет етсе, Рамазан Зұлқашев Атырау өңірінен Ақтау қаласына арнайы іс-сапармен келген. "Мамандығым спортшы болғасын ба, суға батып бара жатқан балаға бірінші болып жетуді көздедім" деген Рамазан алдағы уақытта тыйым салынған орындарға суға түспеуге шақырды.

– Мен футболшымын, тез жүгіре алатынымды біліп, теңізге қарай ойланбастан беттедім. Баланы құтқарған бойда оның амандығын іштей тілеп, алғашқы көмек көрсеттім. Тыйым салынған орынға су түспеңіздер. Ата-аналарыңызды тыңдап, достарыңызға еріп, бір нәрсе дәлелдеймін деп жүрмеңіздер, – деді Рамазан Зұлқашев.

Еске салайық, өткен аптада "7А" шағын аудандағы теңіз жағасында жасөспірім теңізге батып бара жатқан сәті әлеуметтік желіде таралған еді. Жанындағы досының көмекке шақырған дауысын ести сала Рамазан мен Абзал көмекке жүгінген. Қос азамат алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дәрігерлер мен құтқарушыларды шақырған. Осылайша олар баланы өлімнен арашалап қалды.