Атырау облысы Индер ауданында қарақұрт қаптады. Улы жәндік барлық округтің жайылымдық жерін жайлап алған.

Былтыр 13 адам зардап шегіп, 40 шақты мал қырылған еді. Ахуал биыл да күрделі. Сондықтан шаруаларға малға бақылауды күшейтіп, ал тұрғындарға қарақұрт шаққан жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну керегі ескертіліп жатыр.

Қарақұрттың шағуы мамыр айының аяғы мен маусым айының басы, яғни күн ысыған кезде басталады. Осы кезде малшылар аяққа етік киіп жүруге кеңес береді. Өйткені бұл жәй ғана қауіпсіздік шарасы.

Әзірге төрт түлік улы жәндіктен аман. Алайда Махамбет ауданында 40 жастағы азамат зардап шегіп, ауруханаға түскен. Дәрігерлер шұғыл көмек көрсеткеннің арқасында ол аман қалды, деп жазады qazaqstan.tv.

Осыдан екі жыл бұрын өңірде қарақұрт шамадан тыс қаптап кетті. Сол кезде 124 түйені шағып, оның 18-і сеспей қатқан. Ал былтыр 40-қа жуық мал өлді. Мамандар қауқарсыз. Өйткені қарақұртты жоюға бюджеттен қаржы бөлінбейді.

"Жеке адамдар дезинфекция жұмыстарына жүгініп жатыр. Енді ол уақытта керолин, нацедолмен малдың өзін тікелей дезинфекция жасауға болады. Ал қоражайға келетін болсақ, шабындық жер бұлар бюджеттен бізге келмейді." Ержан Әбішев, аудандық ветеринариялық станциясы басшысының орынбасары.

Бір жұмыртқадан 1500-2000-ға тарта зиянкес пайда болады. Осыдан-ақ оның сәт сайын қалай көбейетінін байқауға болады. Енді шаруалар қарақұртты жоюға қаржы бөліп, уы қауіпті деп, ресстрге тіркеп, төтенше жағдай жариялауды сұрайды. Ұсыныс енді қаралмақ.