Марокко астанасы Рабатта каратэден Премьер-лига санатындағы жылдың қорытынды турнирі аяқталды. Биылғы 4 жарыс нәтижесі бойынша рейтингте көп ұпай жинаған екі отандасымыз үздік спортшыға берілетін Grand Winner аталымына ие болды, деп жазады Egemen.kz.
Қазақстан каратэ федерациясының мәліметінше, Марокко елінде сол аталымға ие болған Мөлдір Жаңбырбай (-50 кг) және Әсел Қанай (-61 кг). Осы уақытқа дейін ұлттық құраманың 2 спортшысы қатарынан мұндай марапатқа ие болмаған екен.
Былтыр тұңғыш рет Grand Winner жүлдесін жеңіп алған Мөлдір Жаңбырбай – Қазақстаннан аталған сыйлықты 2 мәрте иеленген алғашқы каратэ шебері.
М.Жаңбырбай биыл Парижде (Франция) алғашқы Премьер-лига бәсекесінде қола, Ханчжоуда (Қытай) күміс, Каирде (Египет) алтын медальға қол жеткізген. Ал Әсел Қанай Париж бен Каирде күміс, Ханчжоуда қола медаль еншілеген.