1 маусымынан бастап елімізде "Қарасора-2025" жедел-алдын алу шарасы басталды. Науқанның басты мақсаты — Қазақстан аумағында есірткі өсіру, өндіру және таратудың жолын кесу.
Аталған шара аясында Қарағанды облысында қауіпсіздікке бағытталған жедел іс-шаралар қолға алынды. Аймақтың басты автожолдарында мобильді блокбекеттер орнатылып, жол қозғалысына қатаң бақылау енгізілді.
Күндіз-түні кезекшілік атқару үшін 150-ден астам полиция қызметкері, 30 қызметтік автокөлік және арнайы техника жұмылдырылды. Әрбір күдік тудырған көлік пен бағыт мұқият тексерілуде. Операцияның алғашқы күнінің өзінде айтарлықтай нәтиже тіркелді.
Осакаров ауданына қарасты Батпақ ауылында Қарағанды облыстық прокуратурасының қолдауымен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жасырын есірткі зертханасын анықтап, оның жұмысын тоқтатты. Шахтинск қаласының 24 және 25 жастағы екі тұрғыны ұсталды.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, олар шамамен 3 миллион теңгеге жеке үй сатып алып, оны синтетикалық есірткі өндіретін заңсыз зертханаға айналдырған.
"Тінту барысында 121 канистр химиялық реагент, өндірістік жабдықтар, респираторлар, жеке қорғаныс құралдары, сондай-ақ есірткі жасауға арналған престер мен реакторлар тәркіленді. Жалпы салмағы шамамен 2 тонна болатын прекурсорлар алынды", — деді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин.
Бұл — биылғы жылдың басынан бері тіркелген үшінші ірі оқиға. Ұсталған азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.