Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы мен ҚР Ардагерлер Кеңесі қазақтың ұлттық зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақты дамыту бойынша ортақ келісімге келді. Федерация президенті Алихан Байменов пен Кеңес төрағасы Әбілғазы Құсайынов екі ұйымның арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп жазады Egemen.kz.
Жиында тоғызқұмалақ жастар тәрбиесінде ғана емес, ардагерлердің интеллектуалдық, физикалық, менталды қалпын сақтап, дамытуда пайдалы құрал екендігі айтылды.
Маңғыстаулық оқушы тоғызқұмалақтан әлем чемпионы атанды
Алихан Байменовтің айтуынша, кейбір облыстардағы белсенді қариялық орталықтар тәжірибесі тоғызқұмалақтың егде адамдардың да денсаулығына оң әсерін көрсеткен.
«Өйткені, мұнда мимен қатар құмалақ үлестіргендегі моторика – қол, саусақтар қимылы қатар жұмыс жасайды. Бұл адамдардың бабында сақталуына, өмір сүруін ұзартуға қосымша фактор бола алатындығын зерттеушілер пікірлері мен орталықтар тәжірибесі байқатады» деді федерация президенті.
Сондықтан Алихан Байменов ардагерлік ұйымдармен жұмыс істеуге мүдделі екендіктерін атап өтті. Меморандум тоғызқұмалақты дәріптеп, насихаттау үшін жарыстар, семинарлар, түрлі оқу-жаттығу шараларын бірлесе өткізуге бағытталған.
Әбілғазы Құсайынов та өз тарапынан ардагерлер ұлттық-мәдени мұрамыз – тоғызқұмалықты насихаттауға өз үлестерін қосуға ынталы екендіктерін білдірді. Ұлттық мәдени мұраның жарқын үлгісі — тоғызқұмалақтың ардагерлер арасында кеңінен таралуы үлгімен тәрбиелеу тұрғысынан да, жасампаздықты сақтау тұрғысынан да маңызды екендігі айтылды.
Жаһандық жарыс: Еліміз тоғызқұмалақтан 30 медаль еншіледі
Кездесу соңында Алихан Байменов Әбілғазы Құсайыновқа тоғызқұмалақ тақтасын тарту етіп, екі ұйым басшылары және Ардагерлер кеңесі төрағасы бірінші орынбасары Абай Тасбулатов алғашқы партияны ойнады.
Қазақстанда шамамен 80 мыңнан астам ардагер бар деп саналады. Тоғызқұмалақпен айналысатын қазақстандықтар жалпы саны 200 мыңнан асқан. Әлемнің 50-ден астам елінде қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақты кәсіби деңгейде ойнайтын спортшылар тіркелген.
Айта кетейік, Мұхтар Әуезовтің 1950 жылы тоғызқұмалақ ойнап отырған суреті табылды.