Алматы облысында мектеп бітіруші түлектерді құзырлы органдар әуедан бақыламақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысы Білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов пен Алматы облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды әкімдік ресми сайтында.
Алматы облысында биыл мейрамханада бітіру кешін өткізуге, ата-аналардан ақша жинауға немесе соңғы қоңыраудан кейін автокортеж ұйымдастыруға жол берілмейді.
Өңірдің білім басқармасы мен Полиция департаменті түлектер мен олардың ата-аналарына қатаң ескерту жасады: қауіпті әрі заңсыз форматтағы мерекелік шараларға қатысты тиісті шаралар қабылданады. Бітіру кештері кезінде жолдар тек полиция қызметкерлерінің ғана емес, дрондар мен бейнекамералардың да ерекше бақылауында болады.
25 мамыр күні өңірде 2025 — 2026 оқу жылы ресми түрде аяқталады. Осы күні барлық мектептерде "Білімім – Отаныма!" атты бірыңғай республикалық сынып сағаты өтеді.
Аттестаттарды тапсыру рәсімі 17-18 маусым күндері мектеп аумағында ұйымдастырылады.
"Бітіру кештерін мейрамхана, кафе, банкет залы, демалыс орны, коттедж және табиғат аясында ұйымдастыруға жол берілмейді. Сонымен қатар автокортеж өткізуге, таңды қарсы алуға және балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін өзге де бейресми шараларды ұйымдастыруға тыйым салынған", — деді Қайрат Жұманов.
Ол, сондай-ақ мектептерде бітіру кешін ұйымдастыруға, безендіруге, жалға алуға, сыйлықтар мен өзге де шығындарға ата-аналардан ақша жинауға қатаң тыйым салынғанын атап өтті. Өз кезегінде полиция өкілдері бітіру кештері өтетін күндері бақылау күшейтілетінін ескертті. Негізгі назар қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған.
"Автокортеждер, қарсы жолаққа шығу, қауіпті маневрлер, сондай-ақ көлік қозғалысы кезінде жасөспірімдердің люк пен терезеден шығуы — бұл тек заң бұзушылық емес, адам өміріне тікелей қауіп. Бақылау тек патрульдік экипаждармен ғана емес, бейнекамералар, Жедел басқару орталықтары және полицияның арнайы дрондары арқылы да жүзеге асырылады", — деді Еркебұлан Ахметов.
Полиция мәліметінше, кәмелетке толмағандардың коттедж жалдауы, заңсыз кештер ұйымдастыруы, жасөспірімдерге алкоголь мен энергетикалық сусындар сату фактілеріне де ерекше назар аударылады.
Полиция департаментінде қарсы жолаққа шыққан жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы бойынша алты айға жүргізуші куәлігінен айырылу қаупі бар екенін еске салды. Егер жасөспірімдер көлік қозғалысы кезінде терезеден немесе люктен шықса, жауапкершілік жүргізуші мен ата-анасына жүктеледі.
Сонымен қатар өңірде профилактикалық рейдтер басталған. Тек соңғы аптада облыста заңды өкілдерінің қарауынсыз түнгі уақытта жүрген жасөспірімдерді анықтауға бағытталған "Түнгі қаладағы балалар" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Полицияда күшейтілген шаралардың басты мақсаты түлектерді жазалау емес, оқу жылының аяқталуы мен жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қайғылы жағдайлардың алдын алу екенін атап өтті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз