Экология және табиғи ресурстар министрлігі жергілікті атқарушы органдардың табиғат ресурстары басқармаларымен бірлесіп елорда тұрғындарының демалу және балық аулау үшін сүйікті орындарының бірі Қарасу өзенінің жағалау аймағын тазартты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Күнді таңдау кездейсоқ емес – іс-шара Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен экологтар күніне орайластырылды. Министрлік елорданы абаттандыруға нақты үлес қосып, табиғатты аялаудың маңыздылығын халықтың есіне салуға күш салуда.
Дәл осы күні еліміздің барлық аумақтық экология басқармаларында осындай іс-шаралар өткізілді.
«Таза Қазақстан» бастамасы тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаға жеке жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні тазалық тазалайтын жер емес, қоқыс тастамайтын жер екенін еске салады. Экология министрлігі «Таза Қазақстан» бастамасының үйлестірушісі ретінде таза әрі қолайлы болашақ құру үшін еліміздің барлық өңірлерінің күш-жігерін біріктіруді жалғастырады. Таза табиғат – біздің ортақ міндетіміз.