Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) тұрғындардан президентке қаншалықты сенім артатынын анықтайтын сауалнама алып, оның нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
ҚСЗИ мәліметтеріне сенсек, 2026 жылғы сәуір айында қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша ел президентіне деген сенім деңгейі 86,7 пайызды құрады.
"Бұл көрсеткіш соңғы жылдары тұрақты жоғары деңгейде сақталып, қоғамның елді жаңғырту мен жүйелі реформалар бағытын берік қолдайтынын айғақтайды. Президентке деген ең жоғары сенім деңгейі жастар арасында тіркелді – 91,4 пайыз. Бұл үрдіс сенім сипатының сапалық ерекшелігін көрсетеді. Жас буын мемлекет тарабынан ұсынылатын білім гранттары, түрлі бағдарламалар, цифрлық қызметтер және өзге де қолдау тетіктерін жиі пайдаланады. Сонымен қатар бүгінгі жастар елдің қарқынды даму кезеңінде қалыптасып келеді, бұл жағдай президентке деген сенім деңгейіне де ықпал етпей қоймады", — делінген ҚЗСИ хабарламасында.
Институт ұсынған ақпаратқа сәйкес, президентке деген жоғары сенім деңгейі қала тұрғындары (86,9%) мен ауыл халқы (86,7%) арасында да анық байқалады. Ерлер де, әйелдер де президентке жоғары деңгейде сенім білдіреді. Соған қарамастан, әйелдер арасындағы сенім деңгейі ерлермен салыстырғанда 3,8 пайызға жоғары.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, азаматтардың сатып алу қабілеті артқан сайын президентке деген сенім деңгейі де өседі.
Әлеуметтанулық сауалнама ҚСЗИ тапсырысы бойынша 2026 жылғы 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында жүргізілді. Іріктемелік жиынтық көлемі – 8 000 респондент. Сауалнамаға 18 жастан асқан, еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласының – Астана, Алматы және Шымкенттің тұрғындары қатысты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз