Халықаралық балаларды қорғау күні Астанадағы Назарбаев Университетінің аумағында «JETI QAZYNA» этноауылы есігін айқара ашты. Жоба қазақтың мәдени мұрасын, қолөнерін және дәстүрлі өмір салтын насихаттауға бағытталған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Этноауыл қазақ мәдениетінің басты нышандарын бір алаңда тоғыстырды: батыр, сұлу қыз, бүркіт, қару-жарақ, тазы, жылқы, ой-білім.

Жобаның бастамашысы әрі авторы – кәсіпкер Бауыржан Білман. Ол ішкі, әсіресе балалар туризмін дамытуға ден қойып жүр.

Астана — бұл елорда, мұнда әрдайым туристер бар, яғни сұраныс та бар. Мен гидтер мен экскурсоводтардың проблемаларын зерттедім. Біздің мұрамызды көрсету үшін олар қала сыртына, Қосшыға шығуға мәжбүр. Әдетте барлық нысан әр жерде орналасқан – бүркітші, тазы, жылқы, шеберлер – бәрі бөлек-бөлек. Экскурсоводтарға маршрут жасау қиын, бұл уақыт алады, соның салдарынан сервис зардап шегеді, — деді кәсіпкер.

Этноауыл этномузей қызметін де атқарады. Мұнда қазақстандық қолөнершілерді қолдауға ерекше назар аударылған. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген шеберлердің көрмелері мен шеберлік сағаттары өткізіледі, киізден бұйым жасау, ағаш ою, сурет салу, ұлттық өрнек жасау.

Келушілер атқа мінуді, садақ атуды, асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту секілді ұлттық ойындар ойнауды да тәжірибеден өткізе алады.

Бағдарламада сондай-ақ:

домбыра, айтыс, терме, жырау сияқты қазақ классикасын тірі орындау;

ұлттық билер мен театрландырылған қойылымдар;

дәстүрлі тағамдар дайындауға арналған аспаздық шеберлік сабақтары;

бүркіт және тазы иттермен көрсетілімдер бар.

Туристік топтар үшін 3–4 сағатқа созылатын кешенді мәдени бағдарлама ұсынылады.

Этноауыл жаз бойы әр сенбі және жексенбі күндері жұмыс істейді.