Биыл ұлы ойшыл, ғалым Әбу-Насыр әл-Фарабидің туғанына – 1155 жыл. Осыған орай Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Әл-Фараби мұрасы – өркениет қазынасы» атты республикалық ғылыми-көпшілік конференция өтті. Аталған жиын ғалымның рухани мұрасын насихаттауға арналды. Оған қала әкімдігі қолдау көрсетті .

Конференцияға еліміз­дің жетекші жоғары оқу орындары­ның ға­лымдары, мәдениет және ғы­лым саласының өкілдері, жас­тар ұйымы мен кітапхана қыз­мет­керлері қатысты. Ұйым­дас­тырушылардың айтуынша, іс-шараның мақсаты – бабамыздың әлемдік өркениетке қосқан үлесін кеңінен насихаттап, жас­тарды ғылым мен білімге, рухани құндылықтарға баулу. Ғы­лыми басқосуда қала әкімінің орын­басары Сәрсен Құранбек сөз алып, ұлы ойшылдың еңбек­тері осы күнге шейін өз құн­дылығын жоймағанын айтты.

«Бүгін Шымкент шаһарында ұлы ойшыл, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1155 жыл толуына орай өткізі­ліп­ жатқан халықаралық ғы­лы­ми кон­ференцияның ашы­луы­мен бар­шаңызды құт­тық­тай­мын! Әл-Фараби – адамзат өр­кениетінің биік шыңына көтеріл­ген ұлы тұлға. Оның еңбектері ғылым мен философияның, мә­дениет пен адамгершіліктің, парасат пен ізгіліктің мәңгілік ұс­танымына айналды. Ұлы ойшыл­дың «Қайырымды қала» ту­ралы ілімі – бүгінгі заман­ның рухани, әлеуметтік және мәдени дамуының өзегіне айна­лып отыр. Сондықтан Фараби мұрасын зерттеу, насихаттау және оның идеяларын қоғам өміріне енгізу – біздің басты борышымыз. Бұл бағытта қа­ламызда жүйелі жұмыстар ат­қары­лып жатыр. Біз үшін бұл­ тек ғы­лыми іс-шара ғана емес,­ ру­­ха­­ни жауапкершілік деп есеп­­теймін. Бү­гінгі бас­қосу – тек ға­­лым­дардың диа­лог­ алаңы емес, ол – ой мен па­ра­саттың, мәдениет пен өр­ке­ниет­тің тоғысқан ордасы. Сіз­дердің зерттеулеріңіз бен ұсы­­ныстарыңыз ұлы ойшыл мұ­­расының терең мағы­на­­сын ашып, оны қазіргі қоғам­ның рухани дамуына үлес қо­суға ба­ғыт­талатынына сені­мім мол. Шымкент қаласы әкім­­дігі әрқашан ғылым мен мә­дениеттің, руханият пен білімнің дамуына қолдау көрсетіп ке­ле­ді. Сөз соңында баршаңызға сәттілік, шығармашылық табыс, игілікті еңбек тілеймін!», деді С.Құранбек.

Жыл сайын дәстүрге айнал­ған іс ­-шарада ғұлама ғалымның өмірі мен мұраларын зерттеген ғалымдардың еңбектері құрас­тырылған көптомдық ғылыми жинақтың тұсауы кесілді. Ав­торлардың қатарында белгілі фарабитанушы ғалым, философ Жақыпбек Алтаев, ҚазҰУ философия кафедрасының меңгерушісі, профессор Әсет Құранбек және Ұлттық кітап­хананың ғылыми хатшысы, Жазу­шылар одағының мүшесі, жа­зушы Қанат Алтынбек бар.

Сонымен бірге конференция барысында ғалымдар Әл-Фараби еңбектерінің заманауи қоғамдағы маңызын талқылап, баяндама жасап, пікір алмас­ты. Қатысушылар ұлы ойшыл мұрасының ұлттық сананы жаң­ғыртудағы рөліне ерекше тоқталды. Фарабитанушы ғалымдардың айтуынша, ғұла­ма­ның құнды еңбектерінің бірі – «Қайы­рымды қаланың көз­қарастары» туралы трактаты. Ортағасырлық шығыс ой­шылының философиялық па­йым­дары Батыстың пәлсапалық ілімі­нің негізін қалады деуге болады. Әсіресе ағылшынның әйгілі утопист-социалисі Томас Мор өзінің еңбегінде ойшыл бабамыздың жазба мұ­раларына көбірек сүйенген. Ағылшын философы өзінің шығармасында ғұламаның құн­ды ойларын арқау еткен. Тарих­тан белгілі болғандай Әбу Насыр әл-Фараби атағы жер жар­ған ғұлама болса да өте қа­ра­пайым өмір сүрген. Артық дүние, байлыққа ұмтыл­маған. Бар уақытын іздену­ге, бі­лім алуға немесе шәкірт тәр­биелеуге жұмсаған. Сол тұс­тағы әміршінің мемлекет қа­зынасынан бөлген 4 дирхамын қанағат тұтқан. Ғұлама өзінің еңбектерін таза ауада, табиғат аясында, бау-бақша ішінде жазғанды жақсы көрген екен. Жоғарыда айтқанымыздай, Еуро­пада ренессанс дәуірі тұ­сында пайда болған философтар өздерінің пайым-түсініктерін Әл-Фараби бабамыздың және сол секілді атақты шығыс ой­шылдарының трактаттары негізінде қалыптастырды.

п

Ға­лым­ның артында қал­дырған мұ­расының мәңгі өлмеуінің себебі онда ойшыл қоғам мен адамдардың қарым-қатынасы туралы көп толғанады. Қоғам мен оның даму жолдары еш­қашан ескірмейтін тақырып. Және оның өзектілігі қай заман келсе де маңызды болып қала береді. Мәселен, бүгінгі уақытты алып қарасақ орта ға­­сырмен салыстырғанда адам­зат­тың прогресі адам сен­­бес­тей дәрежеге өсті. Бір кез­дері адам­дар айға ұшып, тұңғиық мұхиттың түбін зерт­тей­ді деп кім ойлаған.

Бірақ тех­нологиялық жа­ғы­нан үл­кен секіріс жасағанымен адам­дардың сезімі, бір-бірі­мен қарым-қатынасы, дос­тық,­ сүйіспеншілік немесе қас­тық пен дұшпандық секіл­ді әрекет, мінездері сол баяғы­ша өзгеріссіз қала береді. Қоғамды түзеу, игілендіру мәсе­лесі қай заманда да күн тәр­ті­бінен ешқашан түспейді. Міне, ғұлама-ғалым осындай өл­мейтін тақырыпқа қалам тер­беген­діктен оның еңбегі осы күнге дейін өзінің өміршеңдігін жоғалт­пай ке­леді. Мәселен, Әл-Фара­би «Қайырымды қала тұрғын­дары­ның көзқарастары» тура­лы трактатында «Адамның қоғам мен өзара көмекке мұқ­таж­ды­ғы» жайында арнайы бап арнайды. Онда ғұлама адам ба­ласы ешқашан жеке-дара өмір сүре алмайды. Ол әу бас­та­ қауымдасып тіршілік кешу үшін жаратылған. Адамның не нәрсеге қажеттілігін екінші біреу өтейді дейді.

Бұдан мы­надай ой түюге болады. Адам­зат киімге, тамаққа, көлік­ке бас­қа да қажеттілікке мұқ­таж.­ Оның бәрін бір өзі жасай ал­майтыны түсінікті. Бір жұ­мыс­шылар қауымы киім тігеді, екін­ші біреулері тамақ өндіреді, басқалары тасымал қызметімен айналысады. Осылайша, адамдар қауымдасу арқылы бір-біріне көмек бе­ріп бір-бірінің сұранысын қана­ғат­тандырып отырады. Бұл қоғам­дық құрылыс осыдан он ға­сыр бұрын да дәл қазір де өз­гер­меген. Бұл орайда Әл-Фа­ра­би адам қоғамсыз жал­ғыз өмір сүре алмайды деген тұжы­рымға келеді. Ғұлама қоғам­ды екі топқа бөледі: үлкен және кіші деп. Үлкен топқа мем­лекетті жатқызса, кіші топ­қа ауыл, көшенің тұрғын­дарын жатқызады. Оның пі­кірін­ше берік қоғам халық көп шоғырланған үлкен шаһар­ларда болады. Сондай-ақ жақсы мен жаманды елдің өзі таңдап алатынын айтады. Егер ізгілікке ұмтылса жақсы, әділ қоғам құрады, керісінше жамандыққа ұйымдасса сол мақсаттарына жетеді. Бұл жерде қайсыбір ел болмасын ел пейілі мен ниетіне қарай табады. Ғалымның сөзі мәселен милитаристік Жапония мен фашистік Германияны еске салып тұр. Бір кездері бұл елдер жаугершілік, соғысқұмарлық саясат ұстанды. Қоғам да соған ұйысып ақырында әлемге үлкен жауыздық әкелді. Кейін мемлекеттік даму бағыттарын демократия мен экономикалық өрлеуге қарай бұрғанда әлемдегі ең гүлденген елге айналып шыға келді. Демек бақытты қоғам құру әрбіріміздің қолымызда екен. Ол үшін жауапкершілікті біреуге жүктеуге болмайды. Елдің келешегіне қам жеу қоғамның әрбір мүшесінің парызы. Бұдан елге адал қызмет ету деген ұғым туады. Егер жо­ғары лауазымды тұлға да қарапайым еңбеккер де өз ісіне адал қараса, бар ойы елдің жар­қын болашағы болса ондай қоғам міндетті түрде әділдік пен жақ­сылықтың кемеліне жетеді.

Әл-Фараби атындағы қала­лық ғылыми-әмбебап кітапха­на­сының басшысы Анар Жап­пар­құлованың айтуынша, баба­мыз­дың мұрасы – мәңгілік, оны танып-білу мен насихаттау – әрбір саналы ұрпақтың парызы болып қала бермек. Білім қазынасы болған кітапханада бұдан бөлек басқа да көптеген тағылымды іс-шара өткізіп келеді. Жыл басынан бері айтулы мереке мен түрлі даталы оқиғаларға орай біраз ғылыми-танымдық, әдеби кештер мен басқосулар ұйымдастырды. Оған қаламыздың зиялы қауым өкілдері мен жастар қа­ты­сып, өздеріне мол рухани азық алды. Шаһарда қолына қа­лам ұс­таған елімізге белгілі қалам­герлер тұрады. Солардың ме­рейлі жасқа толған тойлары осы кітапхана залында өзінің сүйікті оқырмандарымен бірге арқа-жарқа болып өткізіледі. Осылайша, кітапхана тек кітап­ оқып білім арттыратын орын емес, халықтың рухани қа­зы­насын дәріптеп, насихаттайтын киелі шаңыраққа айна­лып отыр. Бүгінгі таңда кітапхана ұжымы кітап оқитын ұлтты қалыптастыру мақсатында елі­міз бойынша қолға алын­ған бастамаларға көп үлесін қо­сып жүр. Кітапханашылар, мәсе­лен жыл басынан бері түр­лі іс-шараның өтуіне мұрын­дық болып, қала жұрт­шылығын кітапқа баулу ба­ғы­тында тындырымды іс атқарды.

«Биыл жыл басында Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбатын кітапхана ұжымымен талқылап, әдеби мәселелері мен кітап оқу туралы ой-пікір алмасу өтті. Зиялы қауым өкілдері мен қалың оқырман қауым және қалалық кітапхана басшылары бас қосып, «Бір қала – бір кітап» акциясына жыл көлемінде насихатталатын ақын-жазушыларды таңдады. Соның ішінде проза жанры бойынша Захардин Қыстаубайұлының «Тұман» шығармасына тоқталдық. «Түн­гі кітапхана» жобасы аясын­да жас жазушы Жәудір Нар­тайдың шығармашылығын тал­­дау кешін ерекше атар едім. «Түн­гі кітапхана-2» жобасы аясында ғұлама ғалым Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1155 жылдығына орай «Nightquest» іс-ша­расын қолға алдық. Оған шаһа­ры­мыздағы Ө.Жәнібеков атын­дағы ОҚПУ студенттері мен Назарбаев зияткерлік мектебі­нің оқушылары қатысты. Түнгі кітап­хана қонақтары Әл-Фараби бабамыздың еңбектері мен трактаттары бойынша сұрақ­тар­ға жауап беріп, көңілді тапсырмалар орындады. Ғылыми бас­қосулардан «Әбу Насыр әл-Фараби «Азаматтық ғылым, фикһ және дін ілімі туралы» тақырыбындағы оқырмандар конференциясын атауға болады. Ол аты айтып тұрғандай, қазақ даласында дүниеге келіп, түркілік дүниетанымның мүм­кіндігін әлемге паш етіп, жа­һан­дық өркениетте өшпес із қал­дырған ортағасырлық ой­шыл Әбу Насыр әл-Фара­биге ар­налды. Сол кеште ғұлама­ның жаһандық ғылым мен мәде­ниетке қосқан үлесі және оның құнды еңбектері мен фило­софиялық ой-тұжырымдары кеңінен насихатталды. Кон­фе­ренцияға тарихшы ғалым, араб тілі маманы мен мектеп мұ­ғалімдерінен бөлек, сту­дент жастар, оқушылар мен кітап­ханашылар қауымы шақы­рыл­ды. Кітап адамның рухани қазынасы. Ғылым қанша жер­ден дамып, бүкіл жазба элек­трон­дық нұсқаға көшіп жатса да ертеден келе жатқан кітап оқу үрдісі бәрібір адамзат­тың мәдени мұрасының бір бөл­ше­гі болып қала береді. Кітап оқу әрбір қазақ отбасының дәстүрі болу керек. Сонда ғана біздің ұрпақ көзі ашық, қоғам ізгі де өне­гелі бола түседі», деді А.Жаппарқұлова.

Сонымен бірге шаһардың орталық кітапханасында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Тәкен Әлім­құ­ловтың «Қобызшы» әңгі­месіне арналған кеш өтті. Әдеби басқосуда Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық универсисеті филология факультетінің сту­дент­тері қобызшы бейнесі мен оның мінезі, тағдыры мен өмір­лік ұстанымдары туралы ой бөлісіп, пікірлерін ортаға салды.

Сондай-ақ А.Жаппарқұлова «Есімі ел жадында» тақырыбын­да ғалым, академик Ебіней Бөкетовтің 100 жылдығына ар­налған өнегелі кеш өткенін айтты. Бұған тарихшы ғалымдар, тіл мамандары, әдебиеттанушылар мен ұстаздар, студенттер мен оқушылар және кітапхана­шылар қатысып, академик Е.Бө­кетовтің өмірі мен ғылымға қосқан үлесі жайында ой қоз­ғады.

Бұдан бөлек, кітапхана басшысы биылғы жазғы демалыс маусымында балалардың бос уақытын тиімді пайдалану­ әрі жас ұрпақты кітап оқу­ға баулу, сондай-ақ таным­дық қы­зығушылығын арттыру мақ­сатында саябақтарда кітаптар алаңы ұйымдастырылғанын жеткізді. Соның аясында ша­ғын кітап көрмелері мен жылжымалы кітап сөрелеріне ба­лаларға арналған түрлі жанр­дағы көркем әдебиет, ер­тегі, энциклопедия, түрлі жаңылт­паштар мен жұмбақтар жи­на­ғы қойылды. «Әсіресе оқушы­ларға кітапханашылар ұйым­дастырған қызықты әдеби викториналар, ертегі сағаттары, мәнерлеп оқу сайыстары ерекше ұнады», деді А.Жаппарқұлова.

Кітапхана ұжымы бұдан өзге де өткен көптеген патриоттық, мәдени-танымдық іс-шараның ұйытқысы болды. Мәселен, Же­ңістің 80 жылдығына орай Ба­лалар көркемсурет мектебімен бірлесіп «Менің атам – майдангер» атты фотоколлаж өт­кізді. Аталған іс-шарада «Алты­най», «Қуаныш» және Мон­тессори балабақша би топтары мерекелік тақырыпқа сай билерімен көрерменді қуан­тса, кітапхананың тұрақ­ты оқырмандары әдеби-ком­позициялар орындады. Кітапхана басшысы мүмкіндігі шек­теулі азаматтарға және әлеу­меттік топтарға кітапхана­лық қызмет көрсетуге бағыттал­ған «Кедергісіз кітап» атты әлеуметтік жобасының маңызы айрықша екенін де атап өтті. Осы жоба аясында ардагерлер мен қарттар, сондай-ақ жасөс­пірімдер үйлерінде, мүгедектер мен «Мейірім» балаларды оңал­ту орталықтарында, «Үміт» балалар мектеп-интернатында жоспарлы түрлі әдеби-мәдени іс-шаралар ұйымдастырды.