Енді аз зерттелген аумақтарда пайдалы қазба тапқан инвестор оны әрі қарай барлап, игеру құқығына ие болады. Елде геологиялық барлауға серпін беретін жаңа заң жобасы дайындалып жатыр.

Құжатта «аз зерттелген аумақ» ұғымы ресми бекітіледі. Бұған Шу-Сарысу, Балқаш, Солтүстік Торғай, Солтүстік Қазақстан, Зайсан және елдің шығысы, орталығы мен оңтүстігі кіреді.

Кен орындарын иеленіп алып, игермей отырғандар бар. Қазір ұлттық компаниялар 53 жер қойнауы учаскесін рәсімдеген. Алайда тек 20 пайызы игеріліп жатыр. Жаңа заң осындай кен орнын иеленіп алып, босқа ұстап отырғандарға тосқауыл қоймақ.Енді резерв мерзімі шектеледі, бос аумақ электрондық аукцион арқылы нарыққа шығарылады.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң жобасын қабылдау арқылы біз келесі нәтижелерге қол жеткіземіз. 1 млрд АҚШ доллары көлемінде жаңа инвестиция тарту. Аз зерттелген аумақтардың жер қойнауын барлауға және игеруге жол ашу және жаңа геологиялық ақпарат алу. Көмірсутек саласында инвесторлар мен ұлттық компаниялар үшін тең жағдай орнату. Геологиялық барлау мен өндіру арасындағы алшақтықты қысқартып, ресурстарды өнеркәсіптік айналымға тез енгізу.

Қара жердің қойны қазба-байлыққа толы. Алайда, геологиялық барлауға салынатын инвестиция көлемі жеткіліксіз. Мәселен, 1 шаршы шақырым аумаққа Қазақстанда небәрі 8 АҚШ доллары жұмсалса, АҚШ-та – 87, Австралияда – 167, Канадада – 203 доллар бөлінеді. Бұған дейін мәжілісте қаралған жаңа заң жобасы осы теңсіздікті азайтуды көздейді. Енді аз зерттелген аумақтарда пайдалы қазба тапқан инвестор оны әрі қарай барлап, игеру құқығына ие болады.

Келер жылы геологиялық және геофизикалық барлау жүргізілген аумақ көлемін 1,5 млн шаршы шақырымнан 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Оған қоса жаңа цифрлық геологиялық карта жасалып жатыр.

Қанат Ерубаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геология комитеті төрағасының орынбасары:

- Жалпы 2026-2028 жылдар аралығында қамтылатын аумақ 100 шаршы шақырым. Бұл бағытта, цифрлық технологиялар жан-жақты қолданылып жатыр. Ал, қашықтан зерттелген кескіндер жер қатпарындағы ерекше аймақтарды анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ аэрогеофизикалық және геохимиялық зерттеулер де қарқынды.

Былтырдан бері ел аумағында ауқымды геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, әлеуетті деген негізгі қырыққа жуық учаске анықталды. Оның ең ірісі — Қарағанды облысындағы Құйрықтыкөл кен орны. Мұнда жерасты металдарының қоры 28,2 млн тонна болуы мүмкін деген болжам бар.

Қанат Ерубаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геология комитеті төрағасының орынбасары:

- Құйрықтыкөл Қазақстанның сирек металдарын өндірудегі елеулі әлеуетін көрсетеді. Бұл металдар жоғары технологиялық салаларда үлкен сұранысқа ие. Кен қоры шамамен 900 мың тоннаға бағаланды, бірақ болашақтағы ауқымы үлкен зерттеуді талап етеді. Алдын ала деректер бойынша, қор көлемін екі есе арттыру мүмкіндігі бар.

Ал биыл қыркүйекте геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі бойынша алтын қоры 97,8 тоннаға, күміс шамамен 12, мыс 36 мың тоннаға артты. Сонымен қоса, темір кені 200 мың тоннаға және марганец 11 мың тоннаға көбейді. Жалпы, жыл басынан бері жаңа 41 нысанға геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 7,6 млрд теңге қаржы бөлінген.

Авторлар: Дильназ Тұрғазыева, Мадияр Қындыбаев