Өнер иелері табиғатынан шығармашылық зертханасын көрсетуге әуес болмайды. Ақын-жазушылар шығармасын қалай дүниеге әкелгенін, оны жаратуда қандай көркем әдістерді қолданғанын айта бермейді. Бұл қасиет күйшілерде де бар.
Күйші түскен үйге ауылдың тыңдармандары мен құймақұлақ жас таланттары жапа-тармағай барады. Қарапайым халық күйді жан рақатымен тыңдай береді. Ал өнерге қабілеті барлар күйшінің саусақтары мен қағысын қалт жібермей қарап отырады. Онысы әйдік күйдің әдісін меңгеру. Оны білетін күйші әдейілеп жеңі кең шапан киіп алатын көрінеді. Бірақ ізденген жанға тұсау бола ма? Кей әккі жігіттер керегенің сыртымен өрлеп, күйшінің қағысын шаңырақтың төбесінен қарап алады.