Шымкент қаласының 2021–2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына 4 индикатор бекітілген. Аталған даму көрсеткіштері жобалық кеңсенің «Битрикс» жобасына енгізілген. Индикатордың екеуі ресми статистикалық деректер арқылы алынады.
Бұл бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен немесе кедейлік шегінен төмен халықтың үлесінің жоспары 6,2% болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша кедейлік шегінен төмен халықтың үлесі 5,6% құрады. Жұмыссыздық деңгейінің жоспары 4,9% деп белгіленсе, 2025 жылғы I тоқсандағы жағдай бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8% көрсетті. Жоспарға сай биылғы 1 шілдеге дейін жеті мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылса, оның 3 мыңнан астамы жастар. Халықтың әлеуметтік қорғау объектілерімен қамтамасыз етілу деңгейі биылғы 6 айда 56%-ға жетті.
Жоғарыда аталған даму жоспарында қамтылған барлық индикаторлардың орындалуына жауапты басқармалар тарапынан тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Басқарма мамандары мәлім еткендей, индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы жөніндегі ресми статистикалық деректер әр тоқсанның бітуіне орай, 45-күні сайтқа ілінеді.
2025 жылы елу мыңға жуық адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру көзделсе, бүгінге дейін 15 мыңнан астам адам тұрақты еңбекпен қамтылды. Бұл ретте қалалық әлеуметтік қорғау басқармасы Шымкентте іске асырылып отырған концепциялар, даму бағдарламасы, азаматтардың жеке бастамасымен құрылған жаңа жұмыс орындарына жұмысқа тұрғызады. Осының аясында азаматтар субсидияланатын жұмыс орындарына, кәсіптік оқытуға жолданады. Концепциялар мен Шымкент қаласының 2021–2025 жылдарға арналған даму жоспары, жеке бастамалар бойынша биылға 21 мыңнан астам тұрақты, уақытша жұмыс орындары құрылатын болады. Бүгінде 3 мыңға жуық адам еңбекпен қамтылып, жоспар 13,1% орындалып отыр. Жеке бастамаларға кәсіпкерлер есебінен іске қосылатын жекеменшік балабақшалар, спорт кешендері, білім беру ұйымдары, дәріхана, асхана, басқа да қызмет көрсететін ұйымдар кіреді.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қолдау шарасы қарқынды жүзеге асырылып келеді. Статистикалық деректер бойынша, мегаполисте зейнеткерлер саны – 98 874, оның ішінде соғыс ардагері – 1, тыл еңбеккерлері – 1 520, соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер
2 139 адамды құрайды. Көпбалалы аналар саны – 68 688, оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталғандар – 14 437 адам. Шаһарда 4-5 бала асырап отырған 54 251 ана өмір сүреді. Әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, 15 ақпан күні Ауған, Тәжік-Ауған,Таулы Қарабақ, Ирак ұрыс қимылдарына қатысқан 1 272 ардагерге 250,1 млн теңге, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай 13 550 көпбалалы аналарға 266,4 млн теңге, Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың салдарынан мүгедек болған 193 адамға 34,1 млн теңге, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай 198 адамға 35 млн теңге, 9 мамыр – Жеңіс күніне орай екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 2 ардагерге 10 млн теңге, соғыс жылдарындағы тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз қызметі үшін марапатталған 1 536 адамға 15 90,6 млн теңге, Жеңіс күніне орай, қаза тапқан 163 әскери қызметшілердің отбасыларына 9,6 млн теңге, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар 68 адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына 4 млн теңге, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай 1 040 адамға 20,4 млн теңге, 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күніне орай мүгедектік алған, тікелей қатысқан 483 адамға 85,4 млн теңге, 30 тамыз – Конституция күніне мүгедектігі бар 7 289 балаға 143,3 млн теңге, 720 жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға 56,6 млн теңге,1 қазан – Қарттар күніне орай 35 973 қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 424,3 млн теңге әлеуметтік көмек көрсетілді. Мұндай әлуметтік демеу сондай-ақ Желтоқсан оқиғасында ақталған азаматтарға, 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға, В-20 ауруы бар, туберкулёз ауруымен ауыратын адамдарға, Шымкент қаласының медициналық мекемелерінде диспансерлік есепте тұратын қатерлі ісігі бар балаларға, тірек-қимыл аппараты бұзылған 1-2 топтағы мүгедектігі бар ересектер мен балаларға, тірек-қимыл аппараты бұзылған 7 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге, өрт салдарынан зардап шеккен отбасылар мен азаматтарға қарастырылған.
Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес, зейнет жасындағы 5 500 азаматты санаторийлік емдеумен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен қаржы бөлініп, 1 270 ардагерге тегін жолдама берілді. Ардагерлер Ақсу демі, Күлпаршын, Денсаулық, Айша бибі сауықтыру орталықтарында демалып, ем алатын болады. Сондай-ақ «Ізетті зейнеткер» мекемесінің сыйымдылығы 70-тен 120 орынға ұлғайтылды. Бүгінге дейін 900-ден астам зейнеткер аталған мекемеде емдік шаралардан өтті. 2025 жылы зейнет жасындағы тағы біраз азамат орталықта сауықтыру-емдеумен қамтамасыз етіледі.
«Әлеуметтік кодекстің 120-бабының 4-тармағына, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 21 маусымдағы №227 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларының» 2-тарауының 3-тармағына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамға, отбасыға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде беріледі. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек табысы аз азаматтарға кешенді әлеуметтік көмек көрсетуді көздейді. Бұл бағыттарда бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, аз қамтамасыз етілген отбасыларға ақшалай төлемдер жасалады. Сонымен бірге азаматтар оқытуға, жастар практикасына, қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберіледі. Бизнес-жобаларды жүзеге асыруға тегін гранттар тағайындалады, тұрақты жұмыс орындарына жолдамалар беріледі. Сондай-ақ бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі балаларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету шарасы қарастырылған. Мәселен, бүгінде осы шара бойынша 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем 4 212 отбасындағы 8 343 балаға тағайындалды. Әлеуметтік аз қамтамасыз етілген 4 649 отбасы немесе 24 396 адам мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж ретінде танылды. Қаладағы халықты жұмыспен қамту шараларының нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 38%-ға азайып отыр», деді Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева.
Басқарма басшысының айтуынша, 2025 жылы мүгедектігі бар азаматтарға қолдау шараларын көрсету үшін бюджеттен 14,7 млрд теңге қаржы бөлініп, аталған қаражаттың 6,3 млрд теңгесі игеріліп үлгерді. Мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беру жүйесі іске қосылды. Мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерге өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс бере алады.
Әлеуметтік порталмен, сондай-ақ ЭЦҚ-мен жұмыс жасау үшін мүгедектігі бар азаматтарға басқарма ғиматарында өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштамасы ұйымдастырылған. Мекеме қызметкерлері келген әрбір адамға жеке көмек көрсетеді. Мұнан өзге арнаулы әлеуметтік қызметтер бар. Бұл әлеуметтік сала психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған мүгедек балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті І, ІІ топтағы мүгедектер мен қарттарға стационар, жартылай стационар, үйде қызмет көрсетуге арналған. 2025 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша жалпы 3 236 адам арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерімен қамтылған. Оның ішінде 752 азамат стационарда, 793 азамат жартылай стационарда, 402 азамат уақытша болу жағдайында, 1 289 азамат үйінде әлеуметтік қызметтер алды. Осы бағытта басқармаға қарасты 14 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары бар. Орталықтарда 1 600-дан аса маман әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қызмет көрсетеді.