Жеке дерегіне алаңдаған азамат көп.
«Жат қолында жеке деректеріміз кетті» деген жаңалық соңғы күндері өте өзекті мәселе болып тұр, деп жазады Қаржылық сауат арнасы. Неше түрлі қитұрқы әрекеттер жайында үзбей жазып, алаяқтардан қорғап жүрген халық үшін бұл алаңдатарлық жағдай болды. Осы ретте халықтың жеке деректерінің таралып кетуіне көрші елдің сервистерінің қатысы бар деген пікір де тарай бастады. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Осыған қатысты материалдарда 16 млн қазақстандық азаматтың жеке деректері ашықтан-ашық таралып кетті деп айтылады. ЖСН, үй мен жұмыстың мекен-жайы, азаматтардың телефон нөмірі, туған күн датасы, азаматтығы секілді сіз бен біздің жеке деректерімізден тұратын үлкен базаның бәзбіреулердің қолында кеткені рас болса, шынында да қауіпті жайт.
Осы салаға жауапты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ресми мәлімдеме жасады. Мемлекеттік орган азаматтардың жеке деректері жат қолына өтіп кеткені қаншалықты рас-өтірік екенін құқық қорғау органдарымен анықтаймыз дейді.
Қазірге белгілісі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден дербес деректер таралмаған, хакерлік шабуылдың белгісі жоқ.
«Егер азаматтың дербес деректері тараған мәліметтер арасында болса, ол туралы электрондық үкімет порталы (eGov) арқылы жеке кабинетіне хабарлама жолданады», — деп жазылыпты ресми мәліметте.
Не дегемен, сіз бен бізге барынша сақ болу керек. Егер расында да жеке мәліметтеріміз жат қолында кеткен болса, олар біз жайында көп нәрсе біледі деген сөз. Қайда, кім болып істейміз деген сияқты. Мұндайда асқан шеберлік танытатын қу-алаяқтар әр қырымыздан шығуы мүмкін.
Цифрлық сауаты аздау қарапайым жұрт алаяқтар үшін оңай «шағылатын жаңғақ». Барынша сақ болыңыздар, телефон арқылы байланысқа шыққан кез келген адамға код, жеке дерек бермеңіздер. Банк те, құқық қорғау органдары да жеке тұлғадан телефон арқылы ештеңе сұратпайды. Осы есте болсын. Уақыт тауып, сақтандырып қойып жатқаным ғой.
Бұл ретте басқа да нұсқалар айтыла бастады. Мысалы елімізде қаптаған ресейлік сервистердің кесірінен қолды болған деген тұспалдар да болды.
«Жалпы, осы ресейлік сервистерге әуестігіміз түбі жарға жығады. Олардың қолында барлығымыздың аты жөніміз, картамыздың нөмірі, үйіміздің адресі бар. ФСБ қаласа кез-келгенімізді 5 минутта тауып алады. Кезінде тіпті өзіміздің ішкі құжаттық кухнямыз болып отырған ЕГОВты СБЕРге береміз деп желпіндік. Қосшы деген ауыл қазақ елінің IT өнімдерін менсінбей, бағдаршамдарды басқаратын ресейлік Мегаполис деген бағдарламаны қосып алған. Отандық Документолог деген электронды құжаттың тәуір бағдарламасын ысырып, оның орнына ресейлік бірдемелерді әкелуге деген талпыныстарды да байқап жүрміз. Біз цифрлық және финтех нарығымызды өз күшімізбен дамытып, енді дайын асқа өзгені қожайын етейін деп отырмыз. Бұл ақылды адамның ісі ме?», — деп шүйлікті экономист Айбар Олжаев.
Киберқорғаныстан біржолата айрылып, ашық қалдық дейді мамандар. Тіпті солтүстік көршіміз еліміздегі букмекерлік бизнесті де толық бақылауға алатын жүйе енгізуде. Қазір «Букмекерлердің бірыңғай есеп жүйесі» (ББЕЖ) атты жүйе бойынша да Ресейдің өнімі қойылмақ екен. Сонда біздің букмекерлік нарықтағы барлық ақпарат, оның ішінде бәстер, клиенттер, транзакциялар, қаржы ағындары ресейлік платформа арқылы өтіп, олар да бәрін көріп отырады. Және жылына бір жарым триллион теңге айналымы бар саланы бақылау арқылы ресейліктер Қазақстаннан орасан зор капитал шығара алады.
«Неге біз осындай ақымақ қадамдарды өз қолымызбен істеп отырмыз? Ертең өкінеміз ғой. Бірақ ертең кеш болады», -деп түйіндеді маман.