Бүгінде балаларға арналған ойыншықтар тек ойын-сауық құралы емес, зияткерлік, шығармашылық және эмоционалды дамудың негізгі құралына айналды. Алайда отандық ойыншық индустриясы жаһандық нарықтың көлеңкесінде қалып келеді. Дүкен сөрелеріндегі өнімдердің басым бөлігі – шетелдік.

Ойыншық отандық өндіріс үшін қолайлы сала ма?

Елімізде сатылатын ойын­шық­тардың 80%-дан астамы Қытай, Түркия, Ресей мен Еуро­падан импортталады. Бұл – таң­дау аясын кеңейтсе де, са­паға деген сенімге көлең­ке түсіре­ді. Ойыншық – ең алдымен қауіпсіздікпен өлшенетін өнім. Былтыр елімізде жалпы құны

58 млн теңгені құраған 14 партия ойыншықтың техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталып, сатылымы тоқтатылған. Негізгі кем­шіліктер қатарында меха­ника­лық қауіпсіздік талап­тарының бұзылуы, өткір қыр­лардың болуы және сапасыз мате­риал­дардың қолданылуы бар.

Елде ойыншық шығаратын кәсіпорындар саны шектеулі. Көбі шағын және орта бизнес өкілдері. Негізінен ағаштан, матадан, қауіпсіз материалдардан жасалған өнімдер ұсынады. Дегенмен үлкен өндірістік қуаттылық пен нарыққа кеңі­нен таралу мүмкіндігі әлі де төмен. Отандық брендтерді тұты­нушылар жиі танымайды, жар­нама мен маркетингтік қолдау әлсіз. Ал балаларға арнал­ған кітап пен ойыншық өнім­дерін жасап шығару үл­кен шығармашылықпен қатар, күр­делі өндірістік және логис­ти­калық үдерісті талап етеді.

Сұраныс бар, жүйе жоқ

Нарықтағы белсенді компа­ния­ның бірі – қазақша кітаптар мен ойыншықтар өндіретін «Tanu» баспасы. Жоба автор­ла­рының бірі Диана Сұл­тан­­мұраттың айтуынша, баспаны ашуға ең алдымен ата-ана ре­тін­дегі қажеттілік себепкер болған.

«Ұлымыз Мансұр дүниеге келгеннен кейін қазақ тілінде сапалы, мазмұнды, заманауи ба­лалар кітаптарын табу қиын екенін байқадық. Қазір­гі ата-аналар баласының қазақ тілінде еркін сөйлеп, ұлт­тық құндылықтарды бойына сіңі­ріп өскенін қалайды. Бі­рақ отандық нарықта бұл қажет­тілікке толық жауап беретін са­палы өнімдер өте аз. Осы олқы­лықты сезінгеннен кейін өзіміз іздеген өнімді өзіміз жа­сайық деп шештік», дейді баспагер.

Айтуынша, бұл бағытта­ғы басты қиындық – инфрақұ­рылым мен қолдау жүйесінің әл­сіз­дігі. Шетелдік өнімдер сапа, дизайн, өндіріс техноло­гия­сы жағынан әлдеқайда озық.

«Кейінгі жылдары ата-ана­лар арасында ұлттық мазмұн­дағы өнімдерге деген сұраныс артып келеді, алайда сұраныс жүйелі түрде қамтамасыз етілмей жатыр. Мемлекеттік деңгейде қолдау керек – мысалы, грант, көрме-жәрмеңке, білім беру ұйымдарымен әріптестік. Егер саланы дамытуды жүйелі жолға қойсақ, ұлттық өнімдер нағыз трендке айналарына сенеміз», дейді баспаның негізін қалаушылар.

Әсем Жанатова,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті