Қауіп қайдан демеңіз... Елде соңғы 4 жылда мыңға жуық адам суға батып кеткен. Өкініштісі, соның 260-ы балиғат жасқа толмағандар. Қайғылы жайттардың алдын алу үшін төтеншеліктер қазірден қарашаны қауіпсіздікке үндеп жатыр. Бұл маусымға 70 жылжымалы құтқару бекеті жасақталып, 100-ден астам қоғамдық құтқарушылар дайындалған. Жауапты кезеңге мамандардың дайындығы қандай? Судағы қауіпсіздікке кімдер салғырт қарайды? Айдың-күннің аманында суға кетіп, қыршыннан қиылған балалар өлімін қайтсек азайтамыз? Құтқарушылар бұған не дейді?

Иә, әр жылдағы деректі парақтаған сайын суға кеткен бала көп екініне көзіміз жетеді. Ресми дерекке сүйенсек, 10 жылда 1000-ға жуық жеткіншектің өмірі жағаға жетпей қиылыпты. «Қайғылы жағдай себептерінің дені – судағы қарапайым қауіпсіздікті сақтамау», – дейді мамандар. Бұл жерде ата-ананың да жауапкершілігі маңызды. Ұл-қызынан көз жазып қалған әке-шешеге қанша жерден айыппұл салынғанымен, мәселе оңалмай тұрған көрінеді. Сондықтан балалардың өзін жүзуге үйрету шарасы қолға алыныпты. Жыл басталғалы 12 мыңға жуығы арнайы сабаққа қатысқан. Бұл жұмыстары әлі жалғасады.

Юлия Овечкина, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

- Біз балаларға қауіпсіздік шараларын ұдайы айтып отырамыз. Өткен жылы бұл арнайы пән ретінде енгізілгені белгілі. Мұнда оқушыларға судағы қауіпсіздік, қандай ережелерді сақтау керек, соның барлығы айтылады. Сонымен қатар субұрқақтардан келетін қатерлерді де таныстырамыз. Балалар бұның бәрін білген кезде жеке сақтық әрекетті қатаң сақтайды.

Төтеншеліктер үшін тағы бір мазасыз маусым басталды. 1 маусымнан елімізде жағаға ағылатын жұрттың қарасы көбейеді. Қызық іздеп, сауық құрудан бұрын мамандар судағы сақтық шарасын қатаң сақтауға шақырып отыр. Балаларды қараусыз қалдырмауға, рұқсат етілмеген жерлерде және мас күйде шомылмауға, құтқару кеудешесін кию ережесін қатаң ұстану керектігін еске салады. Әдетте қара судың құрбаны болғандардың 95%-і рұқсат етілмеген жерде шомылатын көрінеді. Қауіпті аймақтарда мамандар профилактикалық жұмыстарды жиілеткен. 191 мыңнан астам көрнекі материал таратылып, 181 қауіпсіздік белгісі орнатылды.

Ақылбек Ахметжанов, ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары:

- Әкімдіктер қауіпсіз балалар жағажайларын дайындап жатыр, онда құтқарушылар балаларды шомылу кезеңінде жүзуге үйретеді. Аталған халық ағарту өнімдері мен құралдары министрлік пен өңірлік департаменттердің ресми сайттарында және әлеуметтік желілерде орналастырылған. ТЖМ, Ішкі істер, Көлік министрліктерімен бірлесіп, су айдындарында адамдардың қаза болу қаупін азайту мақсатында азаматтардың судағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарын бұзудың жолын кесу бағытында 20 мыңнан астам рейд пен патрульдеу жүргізді.

Қазіргі таңда республика бойынша шомылуға рұқсат етілген 698 арнайы орын бар. Оның 458-і жеке меншік жағажай, 227-сі коммуналдық, ал 13-і туризм мен спорт нысандарына тиесілі. Мұнымен қоса тағы 84 қауіпсіз суға түсу аймағын ұйымдастыру жұмыстары пысықталып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқару бөлімшелері ең белсенді пайдаланылатын алып айдындардың 70 учаскесін бақылайды. Онда кәсіби құтқарушылар қызмет атқарады.

Ақылбек Ахметжанов, ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары:

- Бұл жерде назар аударатын нәрсе, әрбір адам жол ережесін сақтаған сияқты судағы жүріп-тұру қағидатына да қатаң сақтауы тиіс. Біз қанша ескерту, оқыту, алдын алу шарасын ұйымдастырғанымызбен, ең бірінші судан келетін қауіпке араша болушы ол адамның өзі екенін ұмытпаған жөн.

Жауаптылардың шомылу маусымына әзірлігі ширақ. Төтенше жағдайлар, Көлік және Ішкі істер министрліктері бірлесіп, бүгінге дейін 20 мыңнан аса рейдтік шара ұйымдастырыпты. Нәтижесін 761 заңбұзушылық дерегі анықталған. Ережені ескермей, қауіпсіздікке салғырт қарағандар жауапкершілікке тартылды. Айыппұл арқалағандары да бар екен. Мұнымен шаруа бітпейді. Әлі алда 3 ай жаз бар. Демек қауіптің күшейетін кезеңі. Ең бастысы қауіпсіздікті қаперде ұстаған жөн. «Сақтансаң – сақтайды» деген.