Алдар көсенің билегенін көрдіңіз бе? Астанадағы «Наз» мемлекеттік би театры бұрын-соңды болмаған хореографиялық спектакль ұсынды. Бұл жолы қазақ ертегісінің кейіпкері би тілінде сөйледі

Иә, құр сөзбен күштіні иліктіріп, айналасын күлкіге қарқ қылатын Алдар бұл жолы билеп жүріп-ақ байлардан айласын асырды. Қойылымда оның бастан кешкен шытырман оқиғаларынан бөлек, махаббат желісі де көрініс тапты. Басты мақсат – қазақ фольклоры мен этнографиясын насихаттау. «Сол себепті қойылымда ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып кеңінен қамтылды», – дейді ұйымдастырушылар.

Халықаралық дирижерлер фестивалі

Елдің және шетелдің жетекші дирижерлері Алаш қаласында бас қосты. Семейде Әміре Қашаубаев филармониясының 80 жылдығына орай халықаралық дирижерлер фестивалі өтті. Жиында дирижерлік өнердің кәсіби мектебін қалыптастырған шеберлер өнер көрсетіп, классикалық музыка дәстүрін жаңа қырынан танытты. Фестиваль аясында өнер жетекшілері тәжірибе алмасып, оркестрлік өнердің жаңа бағыттарын талқылады.

Жастар театрында жаңа премьера

Мұхтар Әуезов үлкен сенім артқан қазақ руханиятының биік бәйтерегі кім? Ол қаһарлы күндерді, боранды түндерді жазған Тахауи Ахтанов. Драматургтің қазақ әдебиетіне жаңа сөз, жаңа үн болып келген «Махаббат мұңы» повесі бар. Шоқтығы биік шығарманы елордадағы жастар театры заманға сай қайта жаңғыртып, көрермен назарына ұсынады. Қойылымда Төлеген Айбергеновтің сыршыл поэзиясы лейтмотив етіп алынған. Режиссёр Нұрқанат Жақыпбай сахнада сезімнің қымбаттығын, адалдықтың биіктігін, ар алдында таза болудың мәнін еске салатын психологиялық драма биігінде сөйлетпек.

Шәмші әндерінің халықаралық фестивалі

Елордада «Менің Қазақстаным» атты халықаралық фестивал өтеді. Концерттік бағдарламада Шәмші Қалдаяқовтың танымал шығармалары жаңа аранжировкаларда орындалады. Мәдени шарада Түркия, Армения, Моңғолия, Өзбекстан және ел өнерпаздары ән шырқайды. Фестиваль халықаралық мәдени ынтымақтастықты нығайтуға, ұлтаралық диалогты дамытуға бағытталған. Басты мақсат – Шәмшінің шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау.

Өңірлік нышанды жаңғырту

Келер жылдың соңына дейін облыстар мен ірі қалалар өз брендін нақты қабылдауға тиіс. Бұл туралы елордада өткен республикалық семинарда айтылды. Өңірлік нышандарды әзірлеу мәселесіне арналған жиынға тарихшылар, дизайнерлер және мемлекеттік рәміздерге жауапты мамандар қатысты. Шарада аймақтық брендтердің мазмұны мен оларды қолдану тәртібі талқыланды. Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен жаңа қағидатқа сай аймақтар өңірдің тарихы, мәдениеті мен географиялық ерекшелігін ескеруге тиіс. Ұсынылған нышандар алдымен қоғамдық талқылаудан өтіп, содан кейін бекітіледі.

Әсел Құлмағамбет, Қостанай облысы әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы:

- Мысалы, біз Қостанай облысы болсақ, бізде қазір өңірлік нышанды біз сол Республикалық сараптамалық кеңеске ресми түрде жолдадық. Олардан біз өзгерту керек деген жауап алдық. Қазіргі таңда Қостанай облысында өңірлік нышанды қайта қарастыру, қайта байқау жариялау туралы шешім қабылданып жатыр.