Бүгін, 25 мамырда, Астанада Cardiff University Kazakhstan филиалының ашық есік күні өтті.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстандағы Ұлыбританияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэти Лич, Cardiff University бас операциялық директоры Паула Сандерсон, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоры Анна Морган және университеттің өзге де өкілдері қатысты.
Өз сөзінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан аумағында әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша министрлік белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Осы бағыттағы маңызды нәтижелердің бірі – Кардифф университетімен ынтымақтастық орнату болды. Бұл университет – Ұлыбританиядағы беделді Russell Group құрамына кіретін, QS World University Rankings және Times Higher Education секілді әлемдік рейтингтерде тұрақты жоғары орын алатын оқу орны.
Айта кетейік, 2024 жылғы 14 тамызда қазақстандық делегация алғаш рет Кардифф университетіне барып, оның қорытындысы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Qualified Centre of Education» қоғамдық қоры және Cardiff University арасында Астанада филиал ашу туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Кейін 2024 жылғы 20 қарашада Кардифф университеті делегациясының Қазақстанға жауапты сапары барысында тараптар егжей-тегжейлі келіссөздер жүргізуге бағытталған екіжақты келісім жасасты. Ал 2025 жылғы 25 ақпанда Кардифф университетінің өкілдері қайта келіп, академиялық бағдарламаларды нақтылап, ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.
2025 жылғы қыркүйекте Астанада Cardiff University Kazakhstan толыққанды білім беру кампусы ашылады. Кампус 2000-нан астам студентке арналған. Бұл – Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орнының жоғары академиялық рейтингке ие алғашқы филиалы болмақ. Бағдарламалар тікелей негізгі университеттің басқаруымен жүзеге асырылады. Жаңа кампус академиялық артықшылықтың, ғылыми зерттеулер мен халықаралық жобалардың орталығына айналады. Мұнда Cardiff University жетекші оқытушылары мен Қазақстан мен шет елдерден келетін талантты студенттер шоғырланатын болады.
Филиал 2025 жылдан бастап STEM бағыттары (ғылым, технология, инженерия, математика) мен бизнеске басымдық берілетін Foundation (дайындық) бағдарламасымен жұмысын бастайды. 2026 жылдан бастап келесі салалар бойынша бакалавриат бағдарламалары іске қосылады: компьютерлік ғылымдар, бизнес басқару, азаматтық құрылыс, геология және пайдалы қазбаларды барлау.
Оқу ұзақтығы – 4 жыл: 1 жыл Foundation, одан кейін 3 жыл бакалавриат. Барлық сабақтар толықтай ағылшын тілінде өтеді, дәрістер мен практикалық сабақтарды Cardiff University академиялық құрамы жүргізеді. Астана кампусы академиялық ұтқырлықты қамтамасыз етеді және басқа қалалар мен шет елдерден келген студенттер үшін жайлы жатақханамен қамтамасыз етіледі.
Foundation бағдарламасына қабылдау талаптары:
✔ IELTS академиялық тесті – кемінде 5.5 (әр компоненттен – кемінде 5.0);
✔ Аттестаттың орташа балы (GPA) – 5.0 жүйесі бойынша кемінде 4.0, математика пәнінен – кемінде 4;
✔ ҰБТ – кемінде 50 балл (мемлекеттік грантқа түсушілер үшін).