Абай күніне орай Өзбекстандағы қазақ жазушылары ұлы ойшылдың шығармаларын жергілікті тілге аударып, тарту етпек, деп хабарлайды 24kz.
Бүгінде Жазушылар одағы жанында қазақ әдебиеті кеңесі жұмыс істейді. Қаламгерлер шығармашылықтан тыс Өзбекстандағы қазақ мектептерінің оқулықтарын тәржімалайды
Дулат Нуркин, тілші:
- Өзбекстан жазушылар одағының мүшесі Лала Жүнісқызының әдебиетке келуіне Абай шығармалары түрткі болған. Ұлы ойшылдың өлеңдерін жаттап өскен ақын екі тілде қалам тербейді. Қазақ қаламгерлері Абай күні қарсаңында бас қосып, дайындықтарын пысықтады.
Лала Жүнісқызы, Өзбекстан жазушылар одағының мүшесі:
- Өлең жазуыма да себепкер болған ұлы тұлға. Себебі жас кезімде Абай түсіме кіріп, батасын берген. Міне, содан неше жылдар өтті. Кітаптарым шықты. Екі елде аудармашы ретінде, ақын ретінде ұстаз ретінде өзімді көрсетіп жүрген жайым бар.
Өзбекстан Жазушылар одағының жанында қазақ әдебиеті кеңесі жұмыс істейді. Құрамында 15 қаракөз бар. Олар жергілікті қазақ мектептеріне кітап жазып, аудармамен айналысады. Абай күніне орай өзбек тіліне тәржімаланған кітаптарды тарту етпек.
Сапарбек Иманбеков, Өзбекстан жазушылар одағының мүшесі:
- Аудармашы ретінде өзбек ақын-жазушыларының өлеңдерін қазақ тіліне, Абай туралы жазғандарын аударып жүрмін. Бүкіл Өзбекстан бойынша дайындық қызу. Ертең қыркүйекте оқушылар мектепке жиналғанда тағы да үлкен шаралар өтеді. Соған дайын десек те болады.
Өзбекстанда былтыр қазақ жазушыларының түрлі жанрда 20 кітабы жарық көрді. Олардың көркемдік мазмұны негізінен аудармаға бағытталған.
Авторы: Дулат Нуркин