Жыл басынан бері елде 4 мыңға жуық есірткі қылмысы тіркелді , деп хабарлайды 24KZ. Өкініштісі, қылмыс әлемінің шырмауына түскендердің арасында жастар да баршылық. Мәселен, биылдың өзінде заңсыз әрекетке барған 33 жас жеткіншек ұсталған. Олар ескірткі жеткізумен айналысып, жеңіл жолмен ақша таппақшы болған. Алайда оның соңы ауыр зардаптарға әкелетіні анық. Биыл тиісті заңға өзгертулер де енгізілді. Енді есірткі бизнесін ұйымдастырушылар өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қоғамда қазір тұрғын үй аулаларына есірткі салып кететіндерді жиі кездестіруге болады. Көбіне бұндай заңсыз іспен студенттер, жоғары сынып оқушылары айналысады. Осылайша жеңіл ақша табудың жолын іздейді. Бірақ бұның арты соқпақты. Алғашқы тапсырманы алғаннан кейін-ақ бұндай тұлғаларға құқық қорғау органдары сырттай бақылау жүргізеді.

Сергей Ильиных, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті екінші басқарма бастығының орынбасары:

- Бейнебақылау камералары арқылы қылмыскерлердің жүріп өткен жолдары, есірткі салумен және таратумен айналысатын адамдар анықталып жатыр. Негізі есірткінің заңсыз айналымымен айналысатын тұлғаларға тән белгілі бір мінез-құлық белгілері болады. Олар ерекше киінеді. Ұзын күнқағары бар бас киімдермен жүреді. Тағы бейнебақылау камералары түсірмейтін, көрінбейтін аймақтармен әдейі жүреді. Мұндай адамдарға тән мінез-құлықтың тұтас бір тізімі бар.

Есірткімен қоғамды улайтындарға қатысты заң қатал. Тыйым салынған затты жеткізуші курьерлердің өздері сотталып, 10 жылға дейін темір торға тоғытылатын. Бірақ биыл наурыз айында заңға жаңа өзгертулер енгізілді. Енді есірткі бизнесіндегі рөлдер жіктеліп, оны ұйымдастырушыларға қатысты жаза қатаңдатылды. Бұндай қылмыскерлер өмір бойына дейін түрмеге жабылуы мүмкін. Ал есірткіні тасымалдаушы курьерлерге қатысты жаза жеңілдетілді.

Маратбек Мырзамұратов, Астана қаласы Алматы ауданының прокуроры:

- Ірі көлемде есірткі, мысалы, бір түйіншек мефедрон алған адамдар бұрын ең аз дегенде 10 жылға бас бостандығынан айырылатын. Қазір оларға 7 жылға жаза қарастырылған. Айналыммен, сату ісімен айналысатын адамдар қалай болғанда да қылмыстық жауапкершілікке тартылады және олар үшін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Заң оларды бұл жауапкершіліктен босатпайды. Тек кінәнің дәрежесіне, қасақана әрекетке байланысты шектеулер енгізілді.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы түзету мекемелерінде есірткі қылмысы бойынша 4 мыңға жуық адам жазасын өтеп жатыр. Бұл барлық сотталғандардың шамамен 10 пайызы. Жуырда енгізілген түзетулер бұлардың жартысының жағдайын жақсартуы мүмкін. Себебі олар үшін жаза мерзімін қысқарту, оны өтеу режимін жеңілдету немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Маратбек Мырзамұратов, Астана қаласы Алматы ауданының прокуроры:

- Бұл мемлекет тарапынан беріліп отырған мүмкіндік. Ол осы жолға түсіп кеткен жастардың ойланып, дұрыс шешім қабылдауы үшін жасалып отыр. Сабақ алып, қателігін түсінуі қажет. Егер адам тиісті қорытынды шығармаса, және қылмысты қайта жасаса, Қылмыстық кодекс қатаңырақ жауапкершілікті қарастырады. Яғни сот бұрынғыдан да ауыр жаза тағайындай алады.

Қазір сотта үкім шығару кезінде қылмыстың құрамы ғана емес, адамның жасы да ескеріледі. Елордадағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сот жаңа ережелер бойынша алғашқы қылмысты қарап та үлгерген. Ол тыйым салынған заттармен ұсталған жасөспірімге қатысты процесс. Сотта оның кінәсі дәлелденді. Бірақ аяғын шалыс басқан жеткіншекке жеңілдетілген жаза тағайындалды.

Жанаргүл Алпысбаева, Астана қ. кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

- 16 жастағы жасөспірімге қатысты айыптау үкімі шығарылды. Оның анасы жүкті, сондай-ақ үш кіші іні-қарындасы бар. Бұл бала тергеуге көмектесіп, есірткі заттарын өз еркімен тапсырған. Осы жағдайлардың барлығы сот тарапынан ескеріліп, айыптау үкімі шығарылды.

Жаңа тәсіл бұл бақылаудан бас тарту емес. Ақылға қонымды әрі әділ жүйеге қадам жасау. Егер есірткіге тәуелділіктің құрбаны болғандар үшін бәрін қайта бастауға мүмкіндік беріліп отырса, бұндай бизнесті ұйымдастырушылар мен оны жасыратындар үшін жаза тек қатаңдай түсті.

Авторлары: Риат Шони, Рауль Габитов, Артур Горшняков, Ержан Қанапияұлы