Елімізде сұйық майдың бағасы 23,8 пайыз қымбаттады. Өйткені өнім өндіруші зауыттарға шикізат жетіспейді. Бұл мәселе Алматыда өткен IV халықаралық конференцияда айтылды .

Алматыда дүкен сөрелерінде сұйық майдың ең арзаны литріне 815 теңге. Еліміз бойынша орташа баға – 791 теңге. Ең қымбатын Жезқазған өңірінің тұрғындары сатып алса, қызылордалықтар үшін күнбағыс майы қолжетімді. Шикізаттың көп бөлігінің сыртқа кетуі салдарынан баға да тұрақсыз, дейді кәсіпкерлер.

Татьяна Костина, май шығарушы кәсіпорынның директоры:

Шаруа қожалықтары күнбағыс дақылын сыртқа сатпай, тікелей отандық зауыттарға өткізсе, біз үшін тиімді болар еді. Осы ретте мемлекет тарапынан фермерлерге қандай да бір жеңілдік қарастырылып, субсидия, грант бөлінсе, шаруаларды солай ынталандырса деген ұсынысым бар.

Сондай-ақ кәсіпкерлер еліміздің ішкі нарығының тең жартысын импорт жаулап алған. Сырттан келетін сұйық май төмен бағада саудаланып жатыр. Бәсекелесуге қауқарымыз жетпейді деп отыр. Осы ретте сала мамандары май дақылына ішкі нарықта тапшылық бар екенін жасырмады.

Ядыкар Ибрагимов, майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы:

Еліміздегі алқаптардан 1,45 миллион тонна шемішке жиналады. Өндіріс орындарының жалпы қуаты – 4 миллион тонна. Яғни, ішкі нарықтағы сұраныс үш есе жоғары. Мұндағы басты мәселе – май дақылдары өндірісін арттыру үшін жедел түрде егіс алқаптарын әртараптандыруымыз керек. Яғни, май дақылының бірнеше сортын егуіміз қажет.

Сонда шикізат қорымыз толығып, ішкі нарықты сапалы және қолжетімді өсімдік майымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Импортқа тәуелділік азаяды дейді мамандар.

Айдана Қуантхан