Атырауда «Halyk Bank» акционерлік қоғамының бас демеушілігімен Қазақстан-Грузин іскерлік бизнес форумы өтті. Оған еліміздің әр өңірінен және Грузиядан келген шағын және орта бизнес өкілдері мен туристік компаниялардың басшылары қатысты. Сапар аясында Қазақстанның Грузиядағы Елшілігі мен Атырау облысы әкімдігі бірлесіп, жекеменшік сектор өкілдерімен іскерлік кездесулер ұйымдастырды.
Форумда «Halyk Bank» – Грузия АҚ Бас директоры Николоз Гегучадзе аталған қаржы институтының даму жолы, саладағы жетістіктері және болашақтағы жоспарларымен бөлісті. Ол Атырау Орталық Азиядағы келешегі зор экономикалық орталықтардың бірі екенін, өңірдің бизнесті дамытуға нақты мүмкіндіктер ұсынатынын атап өтті.
Николоз Гегучадзе, «Halyk Bank» – Грузия АҚ бас директоры:
- Соңғы 2-3 жылда Қазақстан-Грузия арасындағы тауар айналымы 2,5 есеге өсті. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстың болашағы зор деп есептеймін. Сондай-ақ туризмді дамытуға да мүмкіндік бар. Бұл ретте Грузиядағы «Halyk Bank» өз клиенттеріне барлық сервистік қызмет түрін ұсынады.
Өңірде халықаралық мұнай-газ жобаларымен қатар логистика, ауыл шаруашылығы жақсы дамып келеді. Былтыр Атырау облысы мен Грузия арасындағы сауда айналымы 1,6 млн АҚШ долларына жетті. Қазір өңірде 17 грузиялық компания түрлі салада жұмыс істейді.
Жанна Майкопова, «Halyk Bank» АҚ Атырау филиалының директоры:
- Форум сыртқы сауда байланысын нығайтуды көздейді. Ол үшін банк филиалдарында барлық жағдай жасалған. Біз заңды және жеке тұлғаларға түрлі сервистік қызмет түрін ұсына аламыз. Ол екі елдің бизнес өкілдеріне қолайлы деп сенемін.
Атырау облысы Қытай, Каспий өңірі және Еуропаны байланыстыратын көлік дәліздерін дамытып, еркін экономикалық аймақ құруды қолға алды. Тиімді экономикалық ахуал туризм және сауда салаларында жұмыс істейтін грузиялық компаниялардың қызығушылығын туғызары сөзсіз. «Halyk Bank» болашақта да осындай еларалық іскерлік форумдарды қолдауға ниетті.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин