Үкімет отырысында министр Ақмарал Әлназарова ЖРВИ мен тұмау бойынша елдегі эпидемиологиялық ахуалға қатысты соңғы мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аурушаңдық деңгейі қандай?
Министрдің айтуынша, Қазақстанда жыл сайын шамамен 3,5 млн ЖРВИ және 2 мыңға дейін тұмау жағдайы анықталады. Биыл эпидемиологиялық маусым 1 қыркүйектен басталғаннан бері республикада 1 млн 461 мың ЖРВИ фактісі тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға төмен. Науқастардың 66 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар.
Соңғы аптада ел бойынша 183 мың жағдай анықталған. Бұл өткен эпидемиялық маусымның осындай аптасымен салыстырғанда ауру жұқтырғандар 16%-ға артқан
Тұмаудың қандай түрлері таралған?
Эпидемиологиялық маусым басталғалы тұмаудың 590 зертханалық расталған жағдайы тіркелген. Оның 587-сі – А (H3N2) типі, Қазақстанда 2001 жылдан бері кездесетін «Гонконг тұмауы». Қалған үш жағдайда А (H1N1) вирусы анықталған.
«Биыл тұмаудың айналымы 41 аптада, яғни қазан айының бірінші жартысында, өткен эпидемиологиялық маусымнан сәл ертерек анықталды. Бұрын Қазақстан аумағында айналымда болмаған тұмаудың жаңа түрлері анықталған жоқ. ЖРВИ және тұмау белгілері бар пациенттер тұмауға қарсы емес вирустарға да тексеріледі. Республика бойынша риновирус, парагрипп, аденовирус, бокавирус, коронавирус, РС вирусы, метапневмовирустердің айналымда жүргені байқалады. ЖРВИ-дің 66%-ы 14 жасқа дейінгі балалар арасында таралған», деді Ақмарал Әлназарова.
Мектеп оқушылары арасында жағдай қалай?
Денсаулық сақтау министрлігі соңғы аптада оқушылар арасында 6 мыңнан астам ЖРВИ оқиғасы тіркелгенін хабарлады. Бұл – елдегі барлық науқастардың шамамен 4%-ы.
Вакцинация және дайындық шаралары
Ел бойынша бүгінде 2,1 млн адам тұмауға қарсы вакцина алды. Қолданыстағы екпелер биыл өзекті саналатын штаммдарға, соның ішінде А (H3N2) вирусына қарсы қорғаныс береді.
Маусымдық өсімге байланысты алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының жұмысы күшейтіліп, фильтр-кабинеттер мен эпидемияға қарсы режимнің сақталуы қамтамасыз етілді. Вирусқа қарсы және дене қызуын түсіретін препараттар, жеке қорғаныш құралдары мен дезинфекциялық заттар ел бойынша жеткілікті.