Бүгін елордада «Абай жолы» кейіпкерлері және Абай», тағы ресми тілде «Абай. Стихи и поэмы» атты кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.
Қос еңбек Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрді. Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен жиынға ведомство өкілдері, қоғам қайраткерлері, әдебиет зерттеушілері мен ақын-жазушылар қатысты. Бұл іс-шара ұлы ақынның көркем мұрасын кеңінен насихаттау, шығармашылығы мен образдарын жаңа қырынан таныстыру мақсатын көздейді.
Баянғали Әлімжанов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Бұл бір пайдалы кітап деп ойлаймын. Әсіресе, жас балалар үшін. Романның көп кейіпкерінен адасып қалған кезде мынадан тауып алады. Екінші кітап — Абай атамыздың өлеңдері мен поэмаларын орыс тіліне аударған кітап. Оны аударған Орынбай Жаңайдаров. Қазақтың көптеген жырауларын арғы заманнан бүгінге дейін көптеген шығармаларын орыс тілінде сөйлеткен ақын. Үлкен еңбек жасаған. Абайдың өлеңдері мен поэмаларын 30 жылға жуық уақыт аударған.