"Ғаламат ғасыр" сериалындағы Валиде Сұлтан рөлімен танылған түрік актрисасы Небахат Чехренің жеке өмірінде қиын кезеңдер болған. Ол отбасына уақыт бөлу үшін шығармашылық жұмысын азайтқан, ал алғашқы некесінде зорлық көрген. Актриса бұрынғы сұхбаттарында өнердегі үзілісінің себептерін және күйеуі Йылмаз Гюнеймен ажырасуына әкелген оқиғаны баяндаған, деп Malim.kz түрік басылымдарындағы архив материалдарына сілтеме жасап, деп хабарлайды.
Небахат Чехрені көрермен экрандағы айбарлы, өз дегенінен қайтпайтын Валиде Сұлтан ретінде біледі. Алайда актрисаның өмірінде сүйікті кәсібі мен отбасылық қарым-қатынастың бірін таңдауға тура келген кездер болған. "Домашний" телеарнасы жариялаған сұхбатта ол екі рет тұрмыс құрғанын, сол некелерде ер адамның өзін осындай таңдаудың алдына қойғанын айтқан.
Отбасы үшін жасалған үзіліс
Чехре 2017 жылы Habertürk басылымына берген сұхбатында Йылмаз Гюнеймен отбасын құрғаннан кейін кинодағы жұмысын азайтқанын түсіндірген. Күйеуі сценарист әрі режиссер болғандықтан, екеуі жылына бір-екі фильмді бірге түсіріп отырған.
Актрисаның айтуынша, ол некенің қуанышын сезініп, отбасына көбірек көңіл бөлгісі келген. Ал түсірілімдегі жұмыс уақытының тұрақсыздығы бұған мүмкіндік бермеген. Чехре 1970 жылы әншілік сахнаға шыққанын, кейін 1976 жылы қайта тұрмыс құрғанда бұл жұмысын да тоқтатқанын айтқан.
Сондықтан оның өнерден алыстауын бір ғана оқиғамен байланыстыруға болмайды. Кино мен әншілікке жасаған үзілістері өмірінің әр кезеңінде болған.
Ажырасуға әкелген оқиға
Алғашқы некедегі ең ауыр оқиғалардың бірін Чехре өзі де растаған. Vatan газетінің сұхбатын Medyatava басылымы 2012 жылы қайта жариялаған. Онда актриса 1968 жылы ажырасуға өтініш бергенін, бірақ Гюнейдің келіспегенін айтқан.
Сөзге келіп қалғаннан кейін Чехре отырған жерінен кетіп қалған. Күйеуі оның соңынан көлікпен барып, машинаға отыруын талап еткен. Актриса бас тартқанда, оны көлікпен қағып кеткен. Чехренің айтуынша, сол кезде бұғанасы сынған. Кейін осы оқиғадан соң неке бір сот отырысында бұзылған.
Бұл жағдай туралы продюсер Абдуррахман Кескинер де баяндаған. Odatv-дің 2024 жылғы материалында ол ерлі-зайыптылардың жанжалына куә болғанын және жарақат алған Чехрені ауруханаға жеткізгендерін айтқан. Кескинердің сөзінше, ажырасқаннан кейін де екеуі байланысын үзбеген: актриса Гюней әскери қызметте жүргенде оған барған.
Ажырасқаннан кейін көп жұмыс істеген
Чехре ажырасқан соң киноға белсенді оралған. Өзінің айтуынша, екі жыл ішінде 36 фильмге түскен. Мұндай қарқынға қаржылық қажеттілік себеп болған: актриса бұрынғы күйеуінен ештеңе талап етпей, өз еңбегімен күн көргісі келген.
Кейінгі некесі туралы айтқанда, Чехре Явуз Демирдің өзіне сенімін қалпына келтіруге көмектескенін жеткізген. Алайда олардың өмір салты үйлеспеген. Актриса тыныштық пен өзіне уақыт бөлуді қалаған, ал үйге үздіксіз қонақ келуі және жиі ұйымдастырылатын кештер оны шаршатқан.
Өнерге деген көзқарасы өзгермеген
Жеке өміріндегі қиындықтарға қарамастан, Чехре Гюнейдің актерлік шеберлігінің қалыптасуына әсер еткенін жоққа шығармаған. 2015 жылы T24 жариялаған сұхбатта ол бұрынғы күйеуін ұстазы ретінде бағалап, одан актерлік өнерді үйренгенін, дүниеге көзқарасы өзгергенін айтқан.
Ал Habertürk сұхбатында әншілік жолын жалғастырмағанына өкінетінін жеткізген. Ол жұмысына жауапкершілікпен қарайтынын және өнермен сүйіп айналысатынын атап өткен.
"Домашний'' телеарнасының сұхбатында актриса өміріне көңілі толатынын, достары мен жақындары жанында екенін айтқан. Сүйікті кәсібінен енді бір ер адам үшін бас тартуға дайын емес екенін де білдірген.
Небахат Чехре кім?
Небахат Чехре – түрік актрисасы, әнші және модель. Көпшілік оны "Ғаламат ғасыр" сериалындағы Валиде Сұлтан – Сүлеймен сұлтанның анасы Хафса Сұлтан рөлі арқылы таниды. Сондай-ақ ол "Тыйым салынған махаббат" сериалында Фирдевс Йөреоғлу образын сомдаған.
1960 жылы "Түркия аруы" атанған Чехре кейін модельдікпен айналысып, киноға келген. Шығармашылық жолында әншілік өнерін де қатар алып жүрген. Түрік актері әрі режиссері Йылмаз Гюнейге, кейін Явуз Демирге тұрмысқа шыққан. Екі некесі де ажырасумен аяқталған.
Дереккөз: Malim · Алуа Әшірбекова



