Тыныс — ұлттың үні
Бөлімдер
Шындық

“Мұнда күшті, келіңдер” деп айта бермеңдер”: Алмат Сақатов шетелдегі қазақтарға үндеу жасады

“Мұнда күшті, келіңдер” деп айта бермеңдер”: Алмат Сақатов шетелдегі қазақтарға үндеу жасады

Танымал актер Алмат Сақатов шетелге жұмыс істеуге кеткен қазақстандықтарға үндеу жасады. Өнер иесі өзге елдегі өмірді асыра мақтап, Қазақстанда жүрген азаматтарды шетелге шақыра берудің дұрыс еместігін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Актердің сөзінше, оған Оңтүстік Кореяда жүрген қазақстандықтар жиі хат жазып, сол жақтағы тұрмыс пен жағдайды айтып, Кореяға келуге шақырады. Алайда Сақатов шетелге жұмыс іздеп кеткен азаматтардың басым бөлігі мұндай шешімге жақсы өмірден бармағанын еске салды.

"Маған Кореядан бір жігіттер жазады. “Кореяға келмейсіз бе? Мұнда бәрі күшті, тамақтары арзан, бәрі керемет. Көшелері керемет жасалған” дейді. Шетелде жұмыс істеп жүрген жігіттер, сіздер еріккеннен кеткен жоқсыздар ғой. Солай ғой? Өмір сондай, өмір сүру үшін, ақша табу үшін жанталасып бардыңыздар", – деді актер. 

Өнер иесі шетелде еңбек етудің өзін айыптамайтынын жеткізді. Оның пікірінше, әр адамның жұмыс істеп, табысын арттыру үшін басқа мемлекетке баруға құқығы бар. Дегенмен ол сол жақтағы өмірді тек жақсы жағынан көрсетіп, елде қалған адамдарды да көшуге шақыруға қарсылық білдірді.

"Енді бардыңдар ма, тыныш жүрген елге, мен сияқты табиғаттың аясында Отанында жүрген азаматтарға “мұнда күшті, келіңдер” дегенді көп айта бермеңдер! Бұл сатқындық деп айтпаймын. Бірақ бұлай Отанын сүйетін азаматтардың көңіліне қаяу салуға болмайды", – деді Сақатов. 

Сонымен қатар актер қазақстандықтардың шетелге жұмыс іздеп кетуінің астарында әлеуметтік және қаржылық себептер жатқанын да жоққа шығармады.

"Жұмыс істегісі келе ме – барады. Қысылып, қиналғаннан кейін барып жатыр ғой. Әйтпесе бұл жақта бәрі жақсы болып тұрса, ешкім кетпейді. Ол жағын да ойлану керек", – деп түйіндеді актер. 

Осылайша Алмат Сақатов шетелге кеткен азаматтардың таңдауын сынаудан гөрі, олардың өзге елдегі өмірді мінсіз етіп көрсетіп, Қазақстандағы адамдарды көшуге үндей беруіне қатысты пікір білдірген.

Алмат Сақатов кім?

Алмат Сақатов – қазақстандық театр және кино актері, әзіл-сықақ жанрында танылған өнер иесі. Ол Шығыс Қазақстан өңірінің тумасы. Әкесі Марат Сақатов – режиссер, актер және сатира саласында еңбек еткен өнер қайраткері. Алмат Сақатов жастайынан сахнаға қызығып, кейін әкесінің жолын жалғастырған. 

Алмат Сақатов көпшілікке "Бауыржан шоу" театры арқылы кеңінен танылды. Кейін кино мен телехикаяларда түрлі рөлдерді сомдап, телевизия саласында да еңбек етті. Бір кезеңде "Таңшолпан" бағдарламасын жүргізген. Сондай-ақ Алматыда актерлерді дайындайтын әзіл студиясын ашып, жас өнерпаздармен жұмыс істеген.

Дереккөз: Malim · Алуа Әшірбекова