Маңғыстау облысының әкімдігі Каспий теңізінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетуге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның ресми сайтының хабарлауынша, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық қолдау көрсеткісі келетін азаматтар, бизнес өкілдері мен ұйымдар бірыңғай қорға қаражат аудара алады.
"Бұл ретте қаражат аудару тек ерікті түрде жүзеге асырылады. Облыс әкімдігі азаматтарға, кәсіпкерлерге, ұйымдарға немесе олардың қызметкерлеріне қаражат аудару туралы ешқандай тапсырма, талап немесе нұсқау берген жоқ және берілмейді", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ қызметкерлердің бір күндік жалақысын аударуы туралы ешқандай тапсырма берілмеген. Әкімдіктегілер жалақыны көмек ретінде аудару міндетті емес және әр қызметкердің жеке шешімі бойынша ғана жүзеге асырылатынын атап өтті.
Қолдау көрсеткісі келетін азаматтар қордың ресми реквизиттері арқылы қаражатты ерікті түрде аудара алады немесе қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстарына тікелей материалдық көмек көрсете алады.
"Көмек көрсету немесе көрсетпеу – әр адамның жеке шешімі. Қаражат аударуға ешкімді мәжбүрлеуге болмайды", – дейді ведомство өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Эльмира Асқарқызы



