Үкімет отырысында Премьер-министрі Олжас Бектенов Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үйде болған өрттен қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Премьер-министр зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек, оның ішінде материалдық және медициналық көмек көрсетілетінін атап өтті.
«Жалпы, жылу беру маусымының басталуымен тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының саны өсіп барады. Біз бұл мәселені қазан айында Үкімет отырысында қарадық. Алайда, жағдайдың жақсарғанын әзірге көріп отырған жоқпыз», деді Олжас Бектенов.Естеріңізге сала кетейік, кеше Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды. Оның 9-ы бала. Қызыл жалын 360 шаршы метрді шарпыған.
Мемлекет басшысы жеке үйде болған өрттің салдарынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты.
Сонымен қатар Президенттің тапсырмасы бойынша Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке үйде болған өрттің себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.
Жеке тұрғын үйдегі өрттің салдарынан екі ересек және бір бала ауруханаға жеткізілген. Қазіргі таңда барлығы жансақтау бөлімінде жатыр.
Қаза болған балалардың ең кішісі – 2024 жылы туған, қалғандары – 2009, 2010, 2012, 2015, 2017, 2019 және 2021 жылдары дүниеге келген. Балалардың бесеуі бір отбасынан шыққан – үш қыз және екі ұл. Басқа отбасынан 2018 жылы туған қыз бала аман қалды. Оқиға орнынан суреттер жарияланды.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев өрттің себептерін тергеп-тексеру бойынша құрылған Үкіметтік комиссия мүшелеріне бірқатар тапсырма берді.