Астанада зерттелген 285 жағдайдың 116-сында Гонконг тұмауы анықталған.

Соңғы апталарда ата-аналарды алаңдатқан басты сауалдар: "Бұл Гонконг тұмауы ма? Неге баланың ыстығы ешқандай дәріге түспейді?" болып тұр.

Балабақша топтары жартылай бос: көп бала 39-40 градус қызумен бірнеше күн қатарынан ауырып жатыр. Ал ересектер әлсіздік пен буын сырқырауына шағымданып отыр.

Әлеуметтік желіде "жаңа вирус", "инфекциялық ауруханада кезек көп" деген жазбалар көбейген сайын ел арасында алаңдаушылық та арта түсті. Бәрі бір-бірінен естіп, осельтамивир деген дәріні жаппай сатып алып жатыр. Дәріханадан бұл дәріні бірден табу қиын. Бұл шынымен жаңа вирус па? Қалай емделу керек? Осельтамивир шынымен ем бе? Педиатр Мадина Мұсахан егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Гонконг тұмауы – жаңа вирус емес

Педиатр Мадина Мұсахан Гонконг тұмауына (H3N2) қатысты дүрбелеңге негіз жоқ екенін айтады.

"Ол тұмау бұрыннан бар. Халық арасында оны әр кезеңде әртүрлі атап жатады. Негізінде жыл сайын қайталанып отыратын бір вирус – сол бір тұмау. Бұл жаңадан шыққан үлкен пандемиялық ауру емес", – дейді маман.

Дәрігердің айтуынша, тұмаудың белгілері ЖРВИ-ға қарағанда айқынырақ және ауырлау өтеді.

"Мысалы, ЖРВИ кезінде қызу 3-4 күнге созылса, тұмау кезінде 39-40°С-қа дейін көтеріліп, 5-7 күнге дейін түспеуі мүмкін. Интоксикация да күштірек болады. Бала "аяқ-қолым, ішім, бүкіл денем ауырып тұр" деп шағымдануы мүмкін. Бұл тұмауға тән белгі. Тұмаудан кейінгі қалпына келу кезеңі де кейде ЖРВИ-ға қарағанда ауырлау болады", – дейді маман.


Оқи отырыңыз: Ақтөбеде "Гонконг тұмауы" анықталды. Мамандар не дейді?


Қалай емделу керек?

Педиатрдың айтуынша, тұмау симптоматикалық түрде ғана емделеді. Яғни:

  • Мұрын бітсе – мұрынды тазалау;
  • Температура көтерілсе – парацетамол немесе ибупрофен ішу.

Ибупрофеннің дозасын дәрінің концентрациясына және баланың салмағына қарай есептеу керек. Мысалы:

  • егер препарат 200 мг болса, баланың салмағын 4-ке бөлу арқылы дозасын есептейсіз;
  • егер препарат 100 мг болса – 2-ге бөлесіз.

"Дәрі мөлшері міндетті түрде салмаққа сай болуы тиіс. Балаға жиі-жиі су ішкізіп, бөлмені салқындатып, ауаны ылғалдандырып отырған дұрыс. Егер баланың қызуы 6 сағатқа дейін түспей, дәрі беру арасындағы интервал сақталмаса, парацетамол мен ибупрофенді алмастырып беруге болады. Парацетамолдың дозасы – 15 мг/кг. Екі препаратты дұрыс интервалмен кезектестіре қолдануға болады. Егер бала өзін өте нашар сезініп тұрса, температурасы 37°С болса да, түсіру қажет жағдайлар кездеседі. Тұмаудың негізгі белгісі – жоғары температура, ал басты міндет – оны дұрыс түсіру, балаға су беру және үй жағдайын реттеу", – дейді педиатр.

Осельтамивир ем бе?

Желі қолданушылары тұмаумен ауырмау үшін құрамында осельтамивирі бар дәрі ішу керек екенін жазып жатыр. Оның қатарында флувир, флукап, освир, неодокс және тағы да басқа препараттар бар. Алайда педиатр мұның шындыққа жанаспайтынын айтады.

"Тұмау – кәдімгі вирус, оны түбегейлі емдейтін арнайы дәрі жоқ. Осельтамивир профилактика үшін көмектеспейді. Оны ауырғаннан кейін алғашқы 24-48 сағатта ғана беру ұсынылады. Бірақ ол ауруды толық тоқтатпайды. Мысалы, бала 5-7 күн ауыратын болса, дәрі ең көп дегенде ауруды 1 күнге ғана қысқартуы мүмкін. Осельтамивир бергеннен кейін келесі күні температура бірден жоқ болып кетеді деген түсінік дұрыс емес. Сондықтан бұл препарат міндетті емес, онсыз да толық жазылып шығуға болады", – дейді маман.

Мадина Мұсаханның айтуынша, тұмаудың алдына алуға тек вакцина көмектеседі.


Оқи отырыңыз: Тұмау мен ЖРВИ маусымы: Үйде емделу жолдары қандай


Қазір вакцина алуға кеш пе?

"Тұмауға қарсы вакцина салдыру уақыты – қыркүйек-қазан айлары. Поликлиникаларда үшвалентті вакцина салынады. Вакцинаны ауырмай тұрғанда салдыру керек. Қазір мемлекеттік емханаларда вакцина салынбайды, бірақ жеке орталықтарда салдыруға болады. Егер биыл ауырып қойған болсаңыз, вакцина салдырудың пайдасы жоқ. Келесі жылы алдын ала салдырған жөн", – деп түсіндірді педиатр.

@barys.media.official