Бұл туралы Румынияның Ұлттық қорғаныс министрлігі хабарлаған.
Румыния мен Нидерланд өкілдері Бухаресте 18 F-16 Fighting Falcon әскери ұшақтарын Румынияға символикалық бір еуро құнымен беру туралы үкіметаралық келісімге қол қойды, деп жазды inbusiness.kz сайты БЕЛТА-ға cілтеме жасап.
Румыния алғашқы F-16 ұшақтарын Португалиядан 2016 жылы алған. Қазір елде осы үлгідегі шамамен 50 жойғыш қолданыста.
"F-16 ұшуларына арналған Фетештидегі ұшқыштарды даярлау орталығының қарамағында тұрған бұл ұшақтар бір еуро құнымен Румыния мемлекетінің меншігіне өтеді", — делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство Румыния 21 млн еуро көлемінде қосылған құн салығын төлейтінін, ол ұшақтардың жарияланған құны мен 100 млн еуро болып бағаланған логистикалық қолдау пакетіне негізделетінін қосты.
Румынияның қорғаныс министрі Йонуц Моштяну қол қою рәсімінде: "F-16 жойғыштарында ұшу бойынша ұшқыштарды даярлау орталығы Румынияны осы ұшақтары бар немесе болашақта болатын барлық мемлекеттер үшін Еуропалық хабқа айналдырды", — деді.
Келісім аясында Румыния НАТО елдері мен серіктес мемлекеттерден келетін ұшқыштарды даярлау үшін орталықта белгілі бір орын беруге міндеттенді. Ұшақтардың тек оқу мақсатында пайдаланылатыны және әскери операцияларға тартылмайтыны нақты айтылды.