Журналист Ербол Мәндібек бір айлыққа қарап отырып тоқалды аңсайтын еркектер туралы айтты.
Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
”Қазақ қоғамының қотырына айналған бұл тақырыпты бір жағына шығару қажет. Әйтпесе, талай отбасының ойрануы шығуы ықтимал. Сондықтан, соза бермей референдум арқылы дауысқа салып халық өз таңдауын жасасын. Мәселе былай;
Бүгін маған бір келіншек жылап звондады.
«Сізді күн сайын оқимын. Өзекті де, өсекті де, төсекті де жазасыз. Аты-жөнімді айтпай мына тақырыпты жазыңыз»,-деп өтініш айтты.
Күйеуі мықты азамат екен:
«Менің күйеуімнің қуаты тасып тұр. Ақшасы да, басқасы да баршылық. Төрт құбыласы тең. Бірақ, соңғы кезде күйеуімнің қасына көк соққан қыз-қырқын қаптап кетті. Перілермен шаштасуға шамам жоқ. Солардың арасынан екі-үшеуін таңдап алдым. Жасырын жанымды қинағанша, заң жүзінде қолтығыңа қыс, екеуміз де рақатын көрейік, сен өз шаруаңды, мен өз шаруамды істетейін дедім күйеуіме»,-дейді.
Былай қарап тұрсаң айтуы орынды. Егер заң жүзінде бәйбіше мен тоқалдың құқықтарын анықтап берсе біраз мәселе өз орнына сап ете қалмақшы.
Тоқал тақырыбы күннен күнге өршіп барады. Әсіресе, үлкен қызметтегі кісілердің «кішкентай махаббаты» су бетіне қалқып шығып жатыр. Жұрттың жеке өмірін қазбалау кімге керек? Түсінбедім. Құдды әдейі істелген акция сияқты.
Жалпы, Қазақ Парламенті бұл мәселеге серезно қарайтын уақыт жетті. Құзырлы министрлік «Көп әйел алу туралы заң жобасын» әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құруы шарт. Оның құрамына осы тақырыпты өршітіп жүрген блогерлер міндетті түрде қосылуы тиіс.
Заң жобасында мына екі мәселе ерекше ескерілсін. Мысалы тоқал алатын еркектің шотында 50 миллион ақша, қорасында 50 бас жылқы, 100 бас сиыр, 200 қой-ешкісі және гаражында 2 джип болуы шарт. Осы норма орындалса ғана тоқал алуына рұқсат.
Екінші мәселе. Құр әшейін зарплатаға қарап отырған еркектің тіпті тоқал деген сөзді айтуына заңмен тыйым салынсын. Қажет болса 100 мың теңге айыппұл арқалату қажет.
Мінекей, осындай қоғамның қотырына айналған тақырыптарды заңмен реттеп тастайтын уақыт жетті”, — деп жазды журналист.