Бұл туралы шетелдік БАҚ жазды .

АҚШ президенті Дональд Трамп 17 қазанда Украина басшысымен Ақ үйде кездесті. Ол Владимир Зеленскийге Ресейдің шарттарын қабылдауды ұсынған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.

Financial Times басылымының жазуынша, Трамп Украина келіспеген жағдайда, Ресей президенті Владимир Путин елді жойып жібереді деп ескерткен.

Ақ үй басшысы Зеленскийді Донбасс өңірін толықтай Ресейге беруге көндірмек болған. Бұл аймақ Донецк, Луганск және Днепропетровск облыстарының кейбір бөліктерін қамтиды. Financial Times хабарлауынша, Зеленский Трампты соғысты қазіргі майдан шебінде тоқтатуға көндірген.

The Washington Post газетінің жазуынша, Ресей президенті Владимир Путин Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескенде соғысты тоқтату үшін Донецк облысына толық бақылау алғысы келетінін айтқан. Басылым дереккөздеріне сүйене отырып, Путин оның орнына Запорожье мен Херсон облыстарының кей бөліктерінен бас тартуға ниетті екенін мәлімдеген.

Владимир Зеленский Дональд Трамппен өткен кездесуден соң, Ресеймен соғыстағы ең өзекті мәселе аумаққа қатысты екенін баса айтқан.

"Ресейліктер бүкіл аумақты басып алғысы келеді", – деді ол.

Айта кету керек, бұған дейін Зеленский Трамппен сөйлесу үшін Вашингтонға барғанын жазғанбыз.