Семей төрінде өтіп жатқан бокстан ел біріншілігі қызған шағына жетті.
Төртінші жарыс күні эмоция мен тартысқа толы болды. Біреулер күтпеген жеңіспен көзге түссе, енді біреулер өз атағын қорғай алмай, турнирден кетті.
2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Токио Олимпиадасының қатысушысы Әбілхан Аманқұл ұзақ үзілістен кейін рингке қайта оралды. Төрт жыл бойы кәсіби және әуесқой бокстан қол үзіп кеткен спортшының бұл жолғы мақсатты қадамы – үлкен спортқа қайта серпінмен оралу. Семейдегі алғашқы жекпе-жекте ол Алматы өкілі Сержан Еркінді айқын басымдықпен ұтты. Әбілханның әр соққысы мен қимылынан тәжірибе мен сабыр байқалды.
60 келіге дейінгі салмақта өткен кездесу де күтпеген оқиғамен есте қалды. Ел чемпионы Талғат Сырымбетов 1/8 финалда жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Жансері Көшербаевқа жол берді.
Жас боксшының тактикалық сауаттылығы мен батылдығы тәжірибелі қарсыласын тұйыққа тіреді. Екінші раундта баспен соқтығысу салдарынан айқас тоқтатылғанымен, төрешілер 4:1 есебімен жеңісті Көшербаевқа берді.
Айта кетсек, Жансері алғашқы айналымда да 2023 жылғы ел чемпионы Ерболат Сабырды (Павлодар облысы) жарыстан шығарған еді. Бұл – жаңа толқынның өз мықтылығын көрсете бастағанының айқын дәлелі.
Турнирдің бұл күнінде тәжірибелі фавориттер де сенімді қимылымен көзге түсті. Бейбарыс Жексен, екі дүркін Азия чемпионы Нұрислам Қалдыбаев, Серік Теміржанов, Ертуған Зейнуллинов, Санәтәлі Төлтаев, Сабыржан Аққалықов, Аман Қонысбеков – барлығы да өз салмақтарында шеберліктерін паш етті. Көрермендер олардың әр жекпе-жегінен жоғары деңгейдегі техника мен жүйелі дайындықты байқады.
2024 жылы Черногорияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Өнер Сейілхан енді 85 келі салмақта бақ сынауда. Бұл оның мансабындағы жаңа белес. Бірінші қарсыласы – Атырау облысының өкілі Абылайхан Битимов. Өнер рингке сенімді шықты. Әр соққысы мүлт кетпей, 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Бүгін, 19 қазанда бокстан Қазақстан чемпионатының ширек финалдық кездесулері өтеді. Рингке ұлттық құраманың мүшелері – Серік Теміржанов, Абылайхан Жүсіпов, Диас Молжігітов, Теміртас Жүсіпов, Сағындық Тоғамбай, Сәкен Бибосынов және басқа да танымал спортшылар шығады. Бұл боксшылар ел намысын талай халықаралық ареналарда абыроймен қорғаған.
Күндізгі сессия Астана уақытымен 14:00-де, ал кешкі бағдарлама 18:00-де басталады.
Жекпе-жектердің тікелей трансляциясын Qazsport телеарнасы көрсетеді, сондай-ақ эфирді арнаның ресми сайтынан да тамашалауға болады.
14 қазанда басталған Қазақстан чемпионаты 21 қазанда өз мәресіне жетеді.