Биыл Ақтөбе облысының Ресей Федерациясымен тауар айналымы 500 миллион доллардан асты. Көрші ел өңірдің негізгі сауда-экономикалық серіктесі болып саналады.

Облыстың сыртқы сауда айналымының төрттен бірі — Ресейге тиесілі. Тараптар арасында тау-кен өндіру, байыту және азық-түлік өнімдері бойынша алыс-беріс ұлғайған.

Бұл диірмен кешенінде тәулігіне 150 тонна ұн өндіріледі. Өндіріс автоматты жүйе арқылы күндіз-түні басқарылады. Сондықтан адам күшін айтарлықтай қажет етпейді.

Аслан Иманғазин, өндіріс директоры:

- Бидай лабораториямыз бар. Сол арқылы қадағалап, тексеріп аламыз. Үшінші класс болады ма, төртінші класс болады ма бидайдың барлығын қадағалап аламыз. Ұнның үш сорты бар. «Высший сорт» дейміз, бірінші сұрып, екінші сұрып.

Ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын енді экспортқа ден қоя бастады. Қазір дайын өнімнің үштен бірі Ресейге саудаланады. Жоғары сұрыпты ұн мен макарон түрлеріне шетелден де сұраныс бар.

Тимур Шаймағамбетов, компанияның бас директоры:

- Қазір біз үшін маңызды фактор – ол уақыт. Яғни тапсырысты қабылдаған соң оны белгіленген уақытта жеткізу маңызды. Сол себепті әуелі шекаралас Орынбор облысымен жұмыс істеп, тәжірибе жинаудамыз. Ауғанстанмен де әріптестік нығайып келеді. Болашақта Қытай нарығын бағындыруды көздейміз.

Әзірге Ақтөбе облысының сыртқы нарықтағы басты серіктесі – Ресей. Жыл басынан бері екі жақтың тауар айналымы 502 млн долларға жеткен. Оның ішінде 117 млн-ы экспортқа тиесілі.

Қасымхан Мұстапа, кәсіпкерлік және ИИД басқармасы басшысының орынбасары:

- Негізгі экспортталатын өнім түрлері бұл — мыс, темір кендері, хром, феррохром болса, импортталатын тауарлардың басым бөлігі бұл кокс және жартылай кокс, сафлор майы, цемент және құрылыс материалдары.

Қазір облыс аумағында ресейлік инвестиция негізінде құрылған 586 серіктестік жұмыс істейді. Басым бөлігі — шағын бизнес өкілдері. Екі ел арасында бизнес-әріптестіктің нәтижесінде құрылған кәсіпорындар тау-кен өндірісі мен құрылыс салаларын игеріп жатыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов