Астанада басынан оқ тиіп, қаза тапқан сарбаздың ісі қайта қаралып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап .

Марқұм анасы баласының өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Бұл іс екі рет сотта қаралғанымен, кінәлілер анықталған жоқ. 21 жастағы Қайсар Сұлтановтың туыстары істі қайта қарап, баласының өлімін мұқият тексеруді талап етті.

Сәуле Тілеубергенованың айтуынша, сарбаздың денесінде сау жер болмаған. Басындағы жарақаттар өте ауыр болған, ал қолы, аяғы мен бетінде көптеген көгерген және сырылған орындар анықталған.

"Қайсар АК-74 автоматынан атылған оқтан қаза тапты. Бірінші оқта тілі, таңдайы, маңдайы, миы мен бас сүйегі зақымдалған. Алты минуттан кейін екінші рет оқ атылған. Яғни, екі рет оқ атылған. Денесінде көптеген жарақат болды. Тізесінде, қолдарында, көзі маңайында сырылған іздер болған", – деді марқұмның анасы.

Анасы баласын қайғылы оқиғадан бір күн бұрын көрген. Сәуле Тілеубергенова қанның іздері терезе алдында болғанын, оларды біреу сүрткісі келгендей көрінгенін айтады.

Қайғылы оқиға күні Қайсар әкімшілік ғимаратта кезекшілікте болған. Төменгі қабатта тағы бір сарбаз болған. Бірақ кейінірек барлық сарбаздарды сыртқа шығарып, басқа корпусқа жіберген. Ал Қайсарды сол ғимаратта қалдырып кеткен.

"Наряд бастығы Оспанов ұлым отырған қабатқа көтерілмеген, тіпті рациямен де хабарласпаған. Ол ғимаратқа кіргенде бірінші қабаттағы сарбазға рациямен "бәрі дұрыс па?" деп сұрайды. Содан кейін екеуі жиналып, екінші қабатқа қарай бет алады. Сол сәтте Оспанов тоқтап, сарбаздарды сыртқа шығарып жібереді. Бұл – алдын ала жоспарланған кісі өлтіру. Ол қылмыскерлердің кетіп қалуына мүмкіндік берді", – деді сарбаздың анасы.

Қайғылы оқиға екі жыл бұрын Астанадағы 6636 әскери бөлімінде болған. 21 жастағы Қайсар Сұлтанов ант қабылдағаннан кейін төрт ай өткен соң қаза тапқан.

Қазір тергеу "Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу" бабы бойынша қайта басталды. Марқұмның туыстары бұл істі "Кісі өлтіру" бабына ауыстыруды сұрап отыр.