Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жас футболшының қазасына қатысты ресми мәлімдеме таратты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

1bol.kz мәліметінше, 2006 жылы туған азамат ауруханаға клиникалық өлім жағдайында жеткізілген. Оны оқиға орнында кезекшілікте болған жеке медициналық жедел жәрдем бригадасы алып келген.

«Ауруханаға түскен сәтте науқастың тамыр соғысы мен қан қысымы анықталмады, қарашықтары кеңейген. Дәрігерлер дереу реанимациялық шараларға кірісті. Барлық мүмкін әдістер қолданылып, 30 минут бойы өмірін сақтап қалуға әрекет жасалды. Алайда, көрсетілген медициналық көмектерге қарамастан, биологиялық өлім тіркелді», — делінген ресми хабарламада.

Қайғылы жағдайдың нақты себебін анықтау үшін марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Басқарма өкілдері жас спортшының отбасы мен жақындарына көңіл айтты:

«Қайтыс болған азаматтың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып, шын жүректен көңіл айтамыз. Бұл бәріміз үшін орны толмас ауыр қаза».

Қазіргі таңда өлімнің мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.