Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтановтың сериалдардағы боғауыз сөздерге қатысты сынына актёр әрі режиссёр Рүстем Омаров ашық жауап берді. Ол депутаттың мәлімдемесін « артық айыптау» деп бағалап, қоғамдағы шынайы проблемаларды көрмей, «жалған мәдениет» жасауға тырысып жатыр деді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Сізге бекер дауын берген сияқты. Мен боғауызды насихаттап жүрген жоқпын. Мен тек өмірдің шындығын көрсетем. Біздің қоғамның өзі сондай болып тұр. Теледидардан бәрі тәтті сияқты көрсету — өтірік. Мен ондаймен айналыспаймын», — деді режиссёр Instagram парақшасында.

Омаровтың бұл сөзі желіде үлкен талқы туғызды. Бірі актёрдің шынайылығын қолдап, «қоғамның айнасын көрсету – өнердің міндеті» десе, енді бірі «боғауыз арқылы шындықты жеткізу – өнер емес, мәдениетсіздік» деп қарсы пікір білдірді.

Кей блогерлер режиссёрді жақтап, депутаттарды да сынға алды.

«Саясаткерлер елдегі нақты проблеманы көтерудің орнына, сериалдың боғауызымен айналысып жүр. Жастардың тілін бұзған TikTok пен арзан шоулар емес пе?» — деп жазды журналист әрі блогер Айбек Қалиев.

Ал кей желі қолданушылары:

«Рүстемнің фильмі расында өмірдің көрінісі. Бірақ көрерменге үлгі болу жағы да бар. Әр сөздің тәрбиелік салмағын ұмытпау керек», — деп пікір қалдырды.

Қазір бұл тақырып TikTok пен Facebook-те қызу талқыланып жатыр. Пікір білдіргендердің көбі — өнер мен саясаттың шекарасын айырып, бірінің екіншісіне араласпауы керектігін айтады.