Ақ үй басшысы ақыры дегеніне жетті.
Үндістан Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатады. АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің осындай уәде бергенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Трамптың айтуынша, бұл қысқа мерзім ішінде жүзеге асады.
"Үндістанның Ресейден мұнай сатып алып жатқанына көңілім толмады. Бүгін Моди маған олардың Ресейден мұнай сатып алмайтынын айтты", – деді Трамп Ақ үйде журналистерге берген сұхбатында.
АҚШ президенті бұл уәдені үлкен қадам деп атады.
"Енді біз Қытай тарапынан да осындай шешім күтеміз", – деді ол.
Биылғы сәуір айында Үндістанға Ресей мұнайын жеткізу көлемі тәулігіне 2,15 млн баррельге дейін өскен болатын. Осылайша 2023 жылдың мамырынан бергі рекордтық көрсеткішке жеткен. Reuters агенттігі Ресейдің қатарынан үшінші жыл Үндістанға ең негізгі мұнай жеткізуші ел екенін жазды. Украинадағы соғыс басталғалы үнді мұнай өңдеушілері Ресей мұнайының бағасына қызығушылық танытқан.
Айта кету керек, бұған дейін Дональд Трамп Ресей мен Қытайды қойып, Үндістанға шүйліккенін жазғанбыз.