Футболдан Қазақстан U21 құрамасының бас бапкері Денис Мамонов өз еркімен қызметінен кетті.
Денис Мамоновтың басшылығымен қазақстандық футболшылар қатарынан төрт ойында жеңіліс тапты. Атап айтқанда екеуі Еуропа чемпионаты – 2027 іріктеу кезеңінде Англиядан (0:2) және Андоррадан (0:1), сондай-ақ Өзбекстанға қарсы өткен екі жолдастық кездесуде (0:1, 1:3) есе жіберді.
Өзбекстан құрамасына қарсы ойындар Ташкент облысындағы "Дустлик" стадионында өтіп, қазан айындағы оқу-жаттығу жиынының қорытындысы болды.
Келесі Еуропа чемпионаты–2027 іріктеу матчтарында Словакия және Молдова құрамаларына қарсы ойында команданы өзге отандық маман жаттықтырады деп күтілуде.
Біз Ташкентте Өзбекстан құрамасымен екі жолдастық кездесу өткіздік. Мұндай мүмкіндік кезінде екі ойындық форматты таңдадық, себебі біздің жігіттерге халықаралық тәжірибе қажет. Өкінішке қарай, екі матчта да жеңіліп қалдық. Бапкерлік штаб ойыншылардың көңіл-күйіне Андоррадағы ауыр жеңілістің қатты әсер еткенін сезді.
Жігіттер Андоррадағы матчты аяқтап, Өзбекстанға қарсы алғашқы ойында жанкүйерлерді қуантқысы келді. Алайда ойын соңында гол жіберіп, 0:1 есебімен жеңілдік. Екінші ойында қарсыласқа алғашқы минуттардан бастап қысым көрсетуге тырыстық. Жылдам гол соқтық, бірақ ойын барысында құрған сәттерімізді пайдалана алмай, тағы да есе жібердік.
Екінші матчтан кейін киім ауыстыратын бөлмеде мен команданың аға жаттықтырушысы қызметінен кететінімді жарияладым, — деді Денис Мамонов.
Айта кетейік, Денис Мамонов бұған дейін "Жетісу" мен "Қайрат" клубтарының жүйесінде, сондай-ақ Қазақстан жасөспірімдер құрамаларында бапкерлік қызмет атқарған.