Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және алаяқтық схемалардан қорғану дағдыларын қалыптастыруға бағытталған Қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктант-тест өтуде.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігінің бастамасымен, «Халық Банк» АҚ және «Қарызсыз қоғам» қоғамдық бірлестігінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілуде.
Диктанттың мақсаты – азаматтарды алаяқтық схемаларға тартудың алдын алу, сондай-ақ олардың қаржылық қауіпсіздік қағидаттары туралы хабардарлығын арттыру. Қатысушылар өз білімдерін тексеріп қана қоймай, диктанттан өткендігі туралы сертификат алуға мүмкіндік алады.
Диктант-тестке ірі қалалардың әсіресе Алматы қаласының тұрғындары белсенді түрде қатысуда.
«Мұндай іс-шаралар «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыруға және жастар арасында жауапты қаржылық мінез-құлықты қалыптастыруға ықпал етеді», дейді ұйымдастырушылар.
Қатысуға ниеттілер, арнайы Платформада онлайн тіркеуден өтіп, 25 минут ішінде 20 сұраққа жауап беруі тиіс. 16 және одан да көп сұраққа дұрыс жауап берген қатысушылар жеңімпаз атанып, цифрлық диплом алады. 16 сұрақтан кем дұрыс жауап бергендер қатысушының цифрлық сертификатына ие болады. Қазақстанның әр өңірінен тіркеліп жеңімпаз дипломын алған алғашқы 10 қатысушы (5 – мектеп оқушысы, 3 – ересек адам, 2 – қаржылық мониторинг субъектісі), бағалы сыйлыққа ие болады.
Айта кетейік, FinIQ 2025 20 қазанға дейін жалғасады.