Қоғамдық көмекшілердің жалпы саны 20 мыңнан асады.

Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты

"Бүгінгі күні республика бойынша қоғамдық көмекшілердің жалпы саны 20 мыңнан асады. Жақсы тәжірибе бар. Олардың көмегімен 9 ай көлемінде 300-ден астам қылмыс ашылды. 15 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды. Қоғамдық көмекшілер тек қана қылмыс ашуға бағытталмаған. Мәселен, пандемия кезінде олар маска тарату мәселесінде атсалысты. Сыйақыға келсек, биыл 120 млн теңгеден астам бекітілген. Оны жергілікті органдар бекітеді. Біз қоғамдық көмекшілердің атқарған жұмысы бойынша ұсыным береміз", – деді Ержан Сәденов.

Министрдің айтуынша, қоғамдық көмекшілер ай сайын жалақы алмайды.

"Ұсыным бергеннен кейін әкімдіктердегі комиссия қарап, сыйақы сомасын өздері белгілейді. Тәжірибеге қарасақ, оның мөлшері 20 мың теңгеден асады. Егер де қоғамдық көмекші үлкен резонансты қылмысты ашуға көмектессе, онда сыйақы (көлемін тағайындау) комиссияның құқығы, шектеу жоқ. Өз тарапымыздан қоғамдық көмекшілерді марапаттап, басқа да сыйлықтар береміз", – деді ІІМ басшысы.