Діни нысандарды қорғау – адамзат үшін маңызды қадам.

Бұл Біріккен ұлттар ұйымының жарғысына жазылып, қарарында қатталған. Сондықтан мүше мемлекеттер қауіпсіздікті қамту үшін жауапкершілік алу керек. БҰҰ өркениеттер альянсының жоғары өкілі арнайы сессия барысында осылай деп мәлімдеді. Мигель Анхель Моратиностың айтуынша, мешіттерге жасалған лаңкестік әрекеттерден кейін бас кеңседе іс-қимыл жоспары әзірленген. Құжат осыдан 4 күн бұрын қабылданды. Енді киелі ғимараттар көзден таса болмай, қырағы қадағалануы тиіс. Әйтпесе әлемде террорлық актілер тіркеліп, адам өлімі әрі діни нысандардың қирауына соқтырып жатқан мысал аз емес.

Мигель Анхель Моратинос, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғары өкілі:

- Мұндай шабуылдарды лаңкестік топтар ұйымдастырады және олардың басты мақсаты – қоғамымызды күйрету, белгілі бір кері әсерге қол жеткізу, оның ішінде халыққа қорқыныш пен қайғы әкелу. Діни нысандарды қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету — адамзат үшін маңызды қадамдардың бірі. Адам құқықтары аясында осы нысандардың қорғалуын қамтамасыз етуіміз керек.

Бірлігіміз – әралуандықта

Жиында жоғары өкіл Қазақстанның жаһандық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтудағы батыл қадамдарын жоғары бағалады. Ілесе сөз алған Сенат төрағасы діни теріс жағдаяттарға қарсы халықаралық құрылымдар арасында берік серіктестікті нығайту керегін жеткізді. Өйткені вандализм, қасиетті нысандарды қорлау және зорлық-зомбылық көбейгені жасырын емес. Бірақ түптеп келгенде «бірлігіміз – әралуандықта». «Бұл қағида еліміздің негізгі ұстанымы», — деді Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Батыс пен Шығыстың түйіскен тұсында орналасқан Қазақстан ежелден халықтарды, мәдениеттер мен діндерді байланыстыратын географиялық және өркениеттік көпір рөлін атқарып келеді. Киелі орындардың барлығы халықтарымыздың тарихында маңызды орын алады. Оның бәрі біздің баға жетпес рухани-мәдени мұрамыз. Сондықтан оларды сақтауға және қорғауға әрдайым баса мән береміз.